СПОРТШЫ СТУДЕНТТЕРІМІЗ ҮЗДІКТЕР ҚАТАРЫНДА

24 ақпан - 2 наурыз аралығында бокстан Болгарияның София қаласында өткен 76-Странджа кубогы халықаралық турнирінде Қазақстан ұлттық құрамасының сапындағы студенттеріміз жоғары нәтиже көрсетті. 63.5 кг салмақ дәрежесінде сынға түскен Мұхамедсабыр Базарбайұлы күміс жүлдені жеңіп алса, 66 кг салмақтағы Гаухар Шойбекова мен 75 кг салмақтағы Шұғыла Нәлібай қола медальға ие болды.
Студенттеріміздің жаттықтырушысы – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Е. Купесов.
София төрінде өткен тағы бір ірі жарыс – таеквондодан (WT) ересектер арасындағы рейтингілік халықаралық турнирде де студенттеріміз олжалы оралды. 74 кг салмақта Мақсат Орынбасар барлық қарсыласын жеңіп, алтын медальді қанжығасына байлады. Ал 63 кг салмақ дәрежесінде Аманбол Бегімбетов үшінші орынға тұрақтады.Жеңімпаздардың жаттықтырушысы – ҚР халықаралық дәрежедегі спорт шебері Р. Құралбаев.
Студенттеріміз ел чемпионаттарында да биік белестерді бағындырып жүр. 24-28 ақпан күндері Ақтау қаласында өткен қыздар арасында самбо күресінен Қазақстан Республикасы Чемпионатында Түркістан облысының құрамасы жалпы командалық есепте бірінші орынды иеленді. Бұл жетістікке біздің студенттердің де қосқан үлесі зор.
Атап айтқанда, +80 кг салмақта белдескен Нурила Асанқызы чемпион атанса, 50 кг және 72 кг салмақ дәрежелерінде сынға түскен Айман Ибрагимова мен Ақбота Қыдырәлі күміс жүлдеге қол жеткізді. Сонымен қатар, қола жүлдені Шолпан Алтынбек (47 кг), Әсем Махамадиар (50 кг), Назерке Әбілтаева (54 кг), Әсемай Рүстемова (65 кг), Назгүл Қуанышбаева (59 кг), Адина Абакова (80 кг) және Әсел Бисенбай (+80 кг) иеленді. Балуандарымызды жарысқа ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы А. Халилаев дайындады.
Бұдан бөлек, Түркістан қаласында 22-26 ақпан аралығында өткен баскетболдан Қазақстан Республикасының Қысқы Чемпионатында да спортшы студенттеріміз жеңіске жетті. 18 жасқа дейінгі санатта Мария Колупаева, Динара Балтабай, Анель Сұлтамбек және Василя Маккамбаева өз қарсыластарынан басым түсіп, чемпион атанды. Ал 23 жасқа дейінгі қыздар арасында Милана Алешкова, Сымбат Қыдырәлі, Мария Колупаева, Динара Балтабай және Арина Губенко үздік ойын өрнегін көрсетіп, жеңіс тұғырынан көрінді.
Әлемдік және республикалық деңгейде жеңіске жеткен спортшыларымыз бен олардың жаттықтырушыларын шын жүректен құттықтаймыз! Алдағы сайыстарында сәттіліктілейміз!