УНИВЕРСИТЕТ АЛҒАШ РЕТ ДДСҰ ГРАНТЫН ЖЕҢІП АЛДЫ!

Медицина факультетінің PhD, доцент м.а. Фахриддин Саржанов жетекшілік ететін ғылыми жоба ДДСҰ-ның TDR Impact Grants Scheme аясында қаржыландырылды. «Түркістан облысындағы кіші жастағы балалар арасында ішек паразитарлық инфекцияларының таралуы мен қауіп факторларын бағалау» тақырыбындағы бұл зерттеу өңірдегі жұқпалы аурулардың таралуын зерттеп, денсаулық сақтау жүйесіне маңызды ғылыми негіз қалыптастыруды мақсат етеді.
Айта кетейік, TDR Impact Grants Scheme – ДДСҰ-ның Еуропалық аймақтағы операциондық және имплементациялық зерттеулерді қолдау бағдарламасы аясында жүзеге асады.
ДДСҰ тарапынан көрсетілген сенім университеттің халықаралық ғылыми серіктестігін нығайтуға жол ашады. Бұл – Ясауи университетінің әлемдік деңгейдегі зерттеулерге атсалысып, жаһандық денсаулық сақтау жүйесіне үлес қосуына мүмкіндік беретін маңызды қадам.
Университет ұжымы ДДСҰ мен TDR ұйымына қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіреді! Ғалымдарымыздың жарқын жетістігі құтты болсын!