«АНАЛЫҚ ПЕН ДАНАЛЫҚТЫҢ СИМВОЛЫ - КИМЕШЕК» АТТЫ КӨРМЕ ӨТТІ

Көрменің басты мақсаты – ұлттық мұрамыз кимешекті дәріптеуге, оның тарихы мен терең мағынасын, сан алуан түрін, өңірлік ерекшеліктерін, ою-өрнекпен көмкерілген көркемдігін паш ету, жас ұрпақтың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру.
Кимешектің ақтығы – ананың жүрегінің тазалығын, мейірімінің шексіздігін білдірсе, оның сәндік өрнектері – өмір жолындағы көрген тағылымы мен даналығын бейнелейді. Ал, бүгінгі көрмеде кимешектің сан алуан түрлері таныстырылды.
Жиын «Ақ кербез» аналар ансамбльінің ән шашуымен бастау алды.
Келесі кезекте, ректор Жанар Темірбекова: «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесі жақындап қалды. Осы мерекеге орай әріптестеріміз бүгінгідей іс-шара ұйымдастырды. Осы ортада ақ кимешектерін киіп, арнайы келген әжелеріміз бен әріптестерімізге алғысымды білдіремін!
Біз ұлттық киімді өзіміз насихаттауға тиіспіз. Қазіргі таңда кимешекпен қатар, басқа да ұлттық киімдеріміздің заманауи үлгілері шығып жатыр. Бұл ұрпақтар сабақтастығы деп ойлаймын. Біздің сан ғасырлық тарихымыз бар. Студент жастар, сол тарихты ұмытпай, елді дамытатын – сіздер. Сіздер бай мұрамызды ұмытпай, дәріптейсіздер деп сенеміз!»,-деді.
Одан әрі қарай, «Қазақтың аналарының көркі кимешек» тақырыбында психолог Ләззәт Мырзашеваның өз қолымен тіккен кимешектерінің дефилесі өтті. Дефиледе қазақ келіншектері мен аналарының жас ерекшеліктеріне қарай әр кимешекті қалай кигенін, мағынасын таныстырды. Әр өңірдің өзі қалыптастырған стильдік ерекшеліктерін де көрсетті.
Ал, Түркістан қаласының Құрметті азаматы, ф.ғ.к., доцент, университетіміздегі «Аналар мектебінің» төрайымы Балтагүл Оспанова ұлттық құндылықтар жайлы мағынасы терең ойларымен бөлісті.
Ерекше білім беруді қолдау орталығының меңгерушісі, п.ғ.к.,Түркістан облыстық Қазақстан Халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесінің төрағасы, Гүлсара Тоққұлова көрмеге қатысып, қызығушылық танытқан барша көрерменге ризашылығын жеткізді.
Іс-шара соңында ұйымдастырушылар залда жиналған аналар қауымы мен әжелеріміздің иығына ақ орамал жауып, құрмет көрсетті. Ақ кимешек киген ару аналарға алқызыл қызғалдақтар да тарту етілді.
Осылайша ұлттық болмысты дәріптеген рухани кеш әсем ән мен керемет көңіл-күй арқылы өз мәресіне жетті.