ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ МЕРЕКЕСІНЕ ОРАЙ САЛТАНАТТЫ КЕШ ӨТТІ

  • 06.03.2025
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамыздың Мәдениет орталығында «8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» орай салтанатты кеш өтті.

Іс-шараны ашып беру үшін сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін – әйелдер қауымының төл мерекесі. Бұл күннің тарихы тереңде. Әйелдер өз құқығын қорғау үшін, білім алу мен жұмыс істеуге деген құқығын талап етіп, қол жеткізген күні.

Құрметті әйелдер қауымы мерекелеріңіз құтты болсын! Көктемнің шуақты күндері баршамызға берекесін әкеле берсін!»,-деді.

Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Барлық әйелдер қауымын айтулы мерекемен құттықтаймын! Жалпы әлемде, түркі жұртында әйел затының орны бөлек. Әйел – отбасының ұйытқысы мен берекесі. Еріне қолдау көрсетіп, биік белестерге бастайтын да әйелдер! Сіздерге бақыт пен қажымас қайрат тілеймін!»,- деді.

Салтанатты жиын оқу ордамыздың ОПҚ мен қызметкерлерін марапаттау рәсімімен жалғасты. Мереке иелері ректор Жанар Темірбекованың арнайы Алғыс Хатымен марапатталды.

Ал концерттік бағдарламаны «Атамекен» ұлт-аспаптар фольклорлық ансамблі Сүгірдің күйімен бастады. Сахна төрінде «Би-сұлтан» халықтық би ансамблі мың бұрала би билеп, көптің қошеметіне бөленді.

Сондай-ақ, студенттер арулар мен аяулы аналар жайлы әндерінен шашу шашты. Залда жиналған ұлағатты ұстаздар мен қыз-келіншектерге ботаникалық бағымызда өсірілген қызғалдақтар тарту етілді.

Кеш соңында өнерпаз жастар мен көрермен «Ана туралы жыр» әнін бірге шырқады. Жүректерді тебірентіп, әйелдерді қадірлеген жиын жоғары дәрежеде өз мәресіне жетті.