ЧАНАККАЛДЕГІ ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 110 ЖЫЛ ТОЛДЫ

  • 18.03.2025
  • KZ

image

Бүгін университетімізде Түркия тарихында үлкен маңызға ие Чанаккале теңіз соғысындағы ұлы жеңіс күні аталып өтті. Түркия Республикасы қастерлеген ұлы жеңіс күніне – 110 жыл толды.

Салтанатты кеш отан қорғау жолында шейіт болған құрбандар мен Мұстафа Кемал Ататүрік бастаған қаһарман күрескерлерді бір минут үнсіз еске алу рәсімімен басталды. Бауырлас қос мемлекет Қазақстан мен Түркияның әнұраны шырқалды.

Іс-шарада сөз бастаған Түркия Республикасының Қазақстандағы елшісі Мұстафа Капуджу: «Чанаккале жеңісінің 110 жылдығында Түркістанның төрінде тұрғанымызға қуаныштымын! Өздеріңіз білетіндей Чанаккале жеңісі – тарихымыздағы айтулы жеңістердің бірі. 

Чанаккале және басқа да соғыстарда қаза болған шейіттердің рухына тағзым етеміз! Талай зұлматты бастан өткерген түркі халықтары үшін бейбітшіліктің қадірі мен бағасы қымбат! Бізгетәуелсіздік пен бақытты өмір сыйлаған шейіттерімізді Түркістанда еске алып, тағы да бас иеміз!»,-деді.

Ал, Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек: «Чанаккале – бұл соғыс талай жанның өмірін алған майдан. Ендігі уақытта, ешбір мемлекеттің тарихында мұндай парақтар жазылмасын, соғыс болмасын деп тілеймін! Құрметті жастар, туған жерлеріңізді тек топырақ, жер деп қарамаңыздар. Ол – Отан! Туған жердің қадірін біліп, қорғай біліңіздер!»,-деді.

Келесі кезекте: «Бүгін біз тағы бір маңызды іс-шара үшін басқостық. Спикерлеріміз Чанаккаледегі ерліктер мен маңызды шайқастары туралы, әрі тарихи жеңісінің қалай келгенін баяндап өтті. Түркияның бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүрік: «Ей, түрік жастары, егер өздеріңе күш іздесеңдер, ол күш – тамырыңда ағып жатқан асыл қанда. Ол қанда үлкен құдірет бар»,- дейді. Сол құдіретті, күшті ұмытпайық! Жеңісті күндерді сыйлаған шейіттер мен батырларды да ұмытпауымыз керек. Бүгінгі Чанаккале жеңісінің 110 жылдығы құтты болсын!»,-деді ректор Жанар Темірбекова.

Ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Чанаккаленің жеңісі Түркістанда аталып өтіп жатқаны мен үшін үлкен қуаныш! Чанаккаленің тарихы мен маңызы туралы айтып тауысуға сөз жетпесі анық. Бұл соғыста қаза тапқан батырларымызды үлкен құрметпен еске алудамыз. Егер, олар қазір жанымызда болғанда, бақытты болар еді деп ойлаймын. Себебі, өздері аманат еткен отанды технология мен инженерия сынды түрлі бағыттар арқылы дамытып, мықты мемлекетке айналдық»,-деді.

Ашылу салтанаты Чанаккале жеңісіне 110 жыл толуына арналған конференциялық отырысқа ұласты. «Тарих» кафедрасының профессоры Дервиш Кылынчкая Чанаккале жеңіс күнінің маңызы мен мағынасы туралы баяндады. 

Жиын соңында арнайы концерттік бағдарлама қойылды.Студенттер рух көтерер әндер шырқап, өлең шумақтарын оқыды.