УНИВЕРСИТЕТІМІЗДІҢ СТУДЕНТТЕРІ МЕН ОҚЫТУШЫЛАРЫ БОТАНИКАЛЫҚ БАҚҚА АҒАШ ЕКТІ

  • 19.03.2025
  • KZ

image

Университетіміздің студенттері мен оқытушылары ботаникалық баққа танымдық саяхат жасап, ағаш отырғызып қайтты. Бұл шара республикалық TazaLike іс-шарасы және «Наурызнама» онкүндігі аясындағы 19 наурыз – Жаңару күніне орай ұйымдастырылды. Көктемгі жаңару кезеңінде гүлдеп, жасыл желекке оранған ботаникалық бақ ерекше әсер қалдырды. Шара аясында Жаратылыстану ғылымдары факультеті Биология кафедрасының оқытушылары білімгерлерге ашық дәріс өткізіп, табиғат аясында практикалық білім берді.

PhD, қауымдастырылған профессор Нұрдана Салыбекова студенттерді ботаникалық бақпен таныстырып, оның құрылу тарихы мен атқаратын қызметі туралы баяндады. Ал ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, доцент Рустембек Дайрабаев ағаш егу әдістерін түсіндіріп, өз қолымен көшет отырғызды. 

Көктемде ағаш егу – табиғатты қорғау мен көгалдандырудың маңызды бөлігі. Студенттер мен оқытушылар Рустембек Дайрабаев ұйымдастырған көшет отырғызу процесіне белсене қатысып, төмендегі қадамдарды орындады:

Орын таңдау – топырақтың құнарлылығын ескере отырып, күн сәулесі жеткілікті жер таңдалды. Рустембек Дайрабаев әдетте қалаға ағаш отырғызатын мамандар арықтың дәл ортасынан жер қазып, ағашты сол жерге орналастырып үлкен қателік жасап жүргенін айтты. Көшетті арықтан 40 см қашықтықта отырғызу судың жақсы келуіне әсер ететінін түсіндірді. 

Көшеттерді дайындау – отырғызар алдында олардың тамырлары тексеріліп, суға шыланды. Одан кейінгі топырақты өңдеу кезеңінде алдын ала қазылып, тыңайтқыштар қосылды. Көңмен араластырылған бірнеше күрек топырақ көшет отырғызбас бұрын қазылған жерге салынып, көшет отырғызу кезінде тамырлар табиғи күйінде орналастырылып, топырақпен жабылды.

Рустембек Дайрабаев ағаштың көтерілуі үшін суару және күтімнің маңызды екенін айтты. Алғашқы суару жұмыстары жүргізіліп, көшеттерді қорғау шаралары туралы да айтылды. Алғаш отырғызған ағаштың түбіне су құю оның топыраққа тез бекуіне әсер етеді. Алайда дымқыл топырақтың бетіне бірнеше қабат құрғақ топырақпен жабу керек. Бұл ыстық күнде топырақтың қатып қалуынан сақтайды. 

Ботаникалық бақ студенттердің тәжірибелік білім алуына, ғылыми зерттеулер жүргізуге және қоршаған ортаны жақсартуға көмектесуді көздейді. Танымдық саяхат пен ашық дәріс барысында ботаникалық бақтың қызметкерлері де студенттерге пайдалы ақпарат беріп, көшет отырғызу процесіне белсене араласты. Университетіміздің студенттері мен оқытушылары бұл игі бастаманы қолдап, экологиялық тепе-теңдікті сақтау жолында үлес қосты. Екі сағатқа созылған танымдық саяхат тек ғылым жолындағы ізденіске емес, өмірлік жағдаяттарда шешім табуға көмектесетін білімге толы болды. Көктем мезгілінің басталуымен алдағы уақытта да оқу-тәжірибелік шаралар жалғасын табады.

Айта кетейік, университетіміздің жанындағы ботаникалық бақ – ғылыми-зерттеу жұмыстары мен оқу тәжірибесі үшін таптырмас алаң. Бақтың басты мақсаты – Түркістан облысының субаридты аймағында декоративті және жеміс-жидек өсімдіктерінің түрлерін зерттеу, сондай-ақ биология, экология және география мамандықтары үшін оқу-өндірістік базаны қамтамасыз ету. Қазір мұнда декоративті өсімдіктер мен жеміс-жидектің 150-ден астам түрі бар. Аймақтың қатаң климаттық жағдайларына қарамастан, бақ мамандары өсімдіктерді бейімдеу жұмыстарын жүргізіп келеді.