«II ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ» СИМПОЗИУМЫ АЛДЫ ЖИЫНЫ ӨТТІ

Жиынның модераторы – Журналистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Молдияр Ергебеков болды. Ал, тіл маманы, филолог, «Калькасыз қазақ тілі» телеграм каналының авторы Назгүл Қожабек лектор ретінде құнды ақпараттармен бөлісті.
Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Өздеріңіз білетіндей, ертең оқу ордамызда «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» симпозиумы басталады. Бұл симпозиумға оқытушы-профессорларымыз 1 жылдан бері дайындалды. Былтыр өткен симпозиум жоғары бағаланып, жақсы пікірлерлерге ие болды. Дәстүрлі түрде өткізуді ниет еткен іс-шараны, бүгін, «Симпозиум алды» жиынынан бастадық.
Бүгін арнайы қонақ ретінде ортамызға қазақ тілінің жанашыры Назгүл Қожабек келіп отыр. Назгүл Қожабекті қазақ тілді аудиторияға таныстырудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Оның бастамасымен «Калькасыз қазақ тілі» атты телеграм арнасы ашылды. Жақында ғана арнаға 5 жыл толғанын атап өтті»,-деді.
Жиын барысында Назгүл Қожабек терминология саласы мен қазақ тілі туралы маңызды мәліметтерді айтты. Термин жасауда тілді білудің маңызы, қазақ тілінің табиғатын сақтау үшін не істеу керек деген сияқты өзге де сауалдарға жауап берді.
«Қазіргі таңда терминология саласында мәселелер өте көп. Кейбір салалардың қазақша терминологиясы, тіпті, жасалмаған. Мысалы, біз музыка саласының терминологиясын қалыптастыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Дәстүрлі музыка болмаса, басқа музыка салалары жоғары оқу орындарында орыс тілінде оқытылып келді. Осы мәселені көтеріп, саланың терминологиясын қалыптастырып, дамуына сеп болсақ деген ойымыз бар.
Терминологияның кезекті үлкен мәселесі – кез-келген сәтте терминді өзгерту үшін бүгінге дейін тасқа қашалғандай, қалыптасып кеткен терминдерді өзгертуге тура келеді. Өзгертпейін десең, қате, қазақ тілінің заңына сәйкес келмейтін, грамматикалық ережелеріне бағынбайтын терминдерді қолданып жүре беруге мәжбүр боламыз»,-деді.
Сонымен қатар, тіл маманы, филолог ретінде терминология саласын дамытуға қатысты өз ойларымен, зерттеу жұмыстарын тереңінен баяндады.
Сондай-ақ, Назгүл Қожабек «Синтаксис сыры» атты қонақ-дәрісін өтті.
Іс-шараға қатысқан оқытушы-профессорлар мен студенттер өздерін қызықтырған сауалдарын жолдап, жауап алды.
Айта кетейік, ертең көптен күткен «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» симпозиумы басталады. Қазақ тілінің көкжиегін ғылым мен өзге де түрлі салада кеңейтуді мақсат еткен айтулы жиынға қатысуға шақырамыз!