«II ҚАЗАҚ ТІЛІ – ҒЫЛЫМ ТІЛІ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ТЕРМИНОЛОГИЯ» СИМПОЗИУМЫ БАСТАЛДЫ

  • 02.04.2025
  • KZ

image

Университетімізде «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» симпозиумының ашылу салтанаты өтті.

Айтулы жиынды ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі мен ҚР Президентінің жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, Түркістан облысының әкімдігі, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті және Bilig (SSCI, Scopus, Web of Science) - Түрік әлемі әлеуметтік ғылымдар журналы, Дүниежүзі тоғызқұмалақ федерациясы бірлесе ұйымдастырды.

Басты мақсаты – қазақ тілін ғылым тілі ретінде дамытудың өзекті мәселелерін анықтау, талқылау; жасанды интеллект жүйесін пайдалана отырып, қазақ тілінің терминологиясын дамыту жолындағы заманауи үдерістер мен қолданыстарын саралау. Ғылым тілінің болашағына қатысты шешімдер мен тұжырымдамаларды ұсыну.

Симпозиумда ең алдымен, «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» фото көрмесінің лентасы қиылды. Келесі кезекте, қатысушылар Түрік халықтарының зияткерлік ойындары көрмесі мен «Креативті индустрияның тілтанымдық негіздері: әзірлемелер мен жобалар» Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, сондай-ақ «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жасанды интеллект негізінде әзірленген жобалар көрмесін тамашалады.

Айта кетейік, симпозиумға ғалымдар мен сарапшылар,  зиялы қауым өкілдері, қоғам мен мәдениет қайраткерлері, оқытушылар, докторанттар, магистранттар және студенттер қатысуда. Сонымен қатар, Түркия мен Өзбекстан, Қырғызстан сынды бауырлас түркі мемлекеттерінің арнайы делегация өкілдері де келді.

Сондай-ақ, Түркістан облысының 17 ауданынан қазақ тілі пәнінің мұғалімдері мен әдіскерлері арнайы шақырылды. Барлығы 120 педагог симпозиумға қатысып, ғылыми ортадағы жаңа көзқарастармен танысып, қазақ тілінің ғылымдағы орны мен терминологиясын дамыту бағытындағы талқылауларға қосылды.

Жиын шымылдығын түрген ректор Жанар Темірбекова:

«Білімі мен ғылымы дамыған ел ғана әлемдік өркениет көшіне ілесе алады. Қазақ тілі – мәдениет пен философияның, ғылым мен техниканың, білім мен инновацияның тілі. Оның ғылыми стилінің заман талабына сай қалыптасуы бүгінгі күннің өзекті мәселесі. Қазақ тілінің ғылымда, білімде, техникада және технологияда қолдану аясын кеңейту маңызды міндеттерінің бірі. Осы мақсатта терминология саласында іргелі нәтижеге және жан-жақты қолданысқа жету, жасанды интеллект жүйесін енгізу жолдарын талқылау маңызды. Жасанды интеллектінің рөлі, терминдерді біріздендіру, халықаралық жаңа ғылыми ұғымдарды қолданысқа енгізу – кезек күттірмейтін іс. Симпозиум осы мәселелерді жинақтай отырып өз үлесін қосады деп сенеміз.

Бүгінгі халықаралық деңгейде өтіп жатқан игі іс-шараға жақын және алыс шетелдерден ғалымдар шақырылды. Бұл симпозиумның Қазақ тілі мен қазақ ғылымы жанашырларының басын біріктіретін, қазақ руханиятына  зор үлес қосатын іс-шара ретіндегі рөлін атап өтіп, симпозиум жұмысына сәттілік тілеймін!»,-деді.

Келесі кезекте, Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеров:

«Таяуда Мемлекет басшысының бастамасымен Түркістанға ерекше мәртебе берілді. Бұл заң қасиетті қала үшін дамуына жаңаша жол ашады. Ал бүгін рухани астанамызда қазақ тілінің абыройын асыратын симпозиум өтіп жатыр. Маңызды басқосуға танымал ғалымдар, филологтар, профессорлар, тіл жанашырлары келіп отыр. Мұндай жиындардың тарихи шаһарда өтуі – заңдылық!

Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайдың І отырысында қазақ тілін ғылым тіліне айналдыру жөнінде тапсырма берді. Бүгінгі жиында осы бағытта жаңа идеялар ұсынылады деп сенемін. Себебі, Қазақ тілі – халқымыздың рухани мұрасы.Ол ғылым мен технологияның тілі болуы керек. Бүгінгі маңызды жиынға арнайы келген сарапшыларға, ғалымдарға шынайы алғысымды білдіремін. Қазақ тілі ғылым тіліне айнала берсін!»,-деді.

Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, ХҚТУ Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі:

«Биыл екінші рет өтіп отырған бұл жиынның маңызы өте зор. Себебі, тіл тек қана ұрандармен емес, нақты қадамдар мен жобалар арқылы дамитыны белгілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Қазақ тілі – әлем және ғылым тіліне айналуы керек»,- деген пікірі ерекше маңызды. Бұл сөздер тікелей Түркістанға да қатысты.

Біз, дәл қазір, қазақ тілінің халықаралық тілге айналып келе жатқанын көріп отырмыз. Түркі әлемінің түкпір-түкпірінен келген дарынды студенттердің қазақ тілінде сөйлеп, білім мен ғылымға қатысты жиындардың осы жерде өтіп жатқаны – осының айқын дәлелі»,-деді. 

Салтанатты жиында Мемлекет және қоғам қайраткері, Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы» қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы, Bilig журналының редакторы Фырат Пуршат та жүрек жарды тілектерін айтты. Шерубай Құрманбайұлы Халықаралық «Қазақ тілі қоғамы»  қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы қызметіне Жанар Темірбекова тағайындалғанын жеткізіп, құттықтады. 

Сондай-ақ, жиында «Асыл ағаш, асыл шөп: Қазақстан флорасының жетекші тұқымдастары» 16 томдық сериясының тұсаукесері өтті. Бұл көптомдық анықтағыш – табиғатты зерттеушілер, фермерлер, агрономдар, орманшылар және өсімдіктер әлеміне қызығатын барша жан үшін құнды еңбек.

Симпозиум еліміздің түкпір-түкпірінен жиылған ғалымдардың баяндамаларымен жалғасады.