«МЫҢ ЗАМАН – БІР ТҮРКІСТАН» МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМАСЫ САХНАЛАНДЫ

«Мың заман – бір Түркістан» музыкалық драмасы – Ozge Epic кретив хабы мен Өнер, медиа және дизайн факультетінің ортақ жобасы. Қоюшы режиссері – Шырын Мұстафина. Ал, пьеса авторы – Сандуғаш Баймаханкызы, көркемдік жетекші –Тоғжан Құрманжанқызы, жоба жетекшілері: Жанар Темірбекова мен Мақпал Жұмабай. Қойылымның ғылыми кеңесшісі – ҚР
Парламенті Сенатының депутаты, ХҚТУ Өкілетті кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі болды.
Ал қойылымның актерлік құрамы толық университетіміздің студенттерінен құралды. Орындаушылық өнер кафедрасының «Актерлік өнер», «Хореография» және «Музыкалық білім» мамандықтарының студенттері сахнада керемет өнер көрсетіп, көрерменді таңдай қақтырды. Жоғары деңгейдегі актерлік шеберлік, әсерлі хореография және жанды музыка – бәрі бір сахнада тоғысып, қойылым шынайы эмоцияға толы ерекше кешке айналды.
Айта кетейік, сахналық костюмдерді «Бейнелеу өнері» кафедрасының оқытушылары дайындады. Олардың шығармашылық ізденісі мен шеберлігінің нәтижесінде әр образ ерекше сипатқа ие болып, қойылымның көркемдік деңгейін арттыра түсті.
Түркі өркениетінің даналары, ойшылдары мен қоғам қайраткерлері арқылы рухани және тарихи мұраны арқау еткен музыкалық қойылым көптің қошеметіне бөленді.
Қойылымның өзегі – түркі халықтарының бірлігі, Ясауидің рухани мұрасының жалғасым табуы мен білімнің түнекке қарсы жеңісі.
Қазақ халқының өз дәуірінің тау тұлғасына айналған, ұлт жанашырлары мен білім адамдарын сомдау арқылы терең мағынаға толы қойылымқойылды. Қорқыт ата, Томирис патшайым, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Ясауи, Абайдан бастап, Алаш зиялыларының қазақ халқы үшін жүріп өткен тарихи жолы бейнеленді. Ұлтымыздың әр заманда көрген қара көлеңкелі күндері мен жарқын бүгінгі болашағын көрсетті. Қандай қиындық көрсе де сағы сынбаған қазақтың ғана емес, түркі халықтарының мызғымас бірлігі, қайсар мінезі сомдалды. Түркістанның даңқты тарихы көрініс тапқан драманың шарықтау шегінде түркі жастары ғылым мен мәдениеттің ордасын қайта жаңғырту жолында бірікті.
Қойылым көрермен қауымның патриоттық сезімін асқақтатқан төл туынды болды. Залда отырған көрермендер көзіне жас алып, жастардың өнеріне тәнті болды. Осындай керемет драманың сахналануына атсалысқан барша маман мен ұжымға алғыстарын жаудырды. Осылайша, Түркістан төріндегі киелі сахнада тағы да тағылымы мол туындымен толықты.