УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІ ТОЙЛАНДЫ

Мерекелік бағдарлама Қыдыр атаның тілегімен басталып, жиналған қауым әсерлі қойылымның куәсі болды. Қойылымда шашу, тұсаукесер сияқты қазақтың салт-дәстүрлері сахналанды.
Шара барысында университет басшылығы сөз сөйлеп, мерекемен құттықтады. Университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова: «Табиғат Ана ұйқысынан оянып, айналаның бәрі күннің шуағына бөленетін, сонау Сібірден Еуропаға дейін созылып жатқан географиялық аймақта, бүкіл түркі тілдес елдерде бес ғасырдан бері тойланатын Наурыз мерекесі құтты болсын! Бұл мерекені әлемде 200 миллионнан астам адам тойлайды екен. Күллі түркі әлемі жастарының шаңырағының астында білім алып жатқан сүйікті студенттерімізге де мереке құтты болсын», - деді.
Ал ректор өкілі м.а Нажи Генч өз сөзінде: «Ең әдемі мезгіл – көктемнің бастауы болған Наурыз құтты болсын! Соңғы кезде Наурыздың мағынасы да, тойлану деңгейі де тереңдеп өсіп келеді. Наурыздың мағынасы «бөлісу» ұғымымен байланысты. Дүниенің әр бұрышында соғыс, ашаршылық болып жатқан кезде бұл бөлісу ұғымының мағынасы да айшықтала түсті. Біз бұл жерде дастарқанмен, біліммен, жаңарумен бөлісуге жиналып отырмыз. Ал Түркиядан келген қонақтарымыз үшін баршамызға ортақ мерекені ата топырақта тойлау – ерекше бір сезім», - деп, университетімізде өткен «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» атты халықаралық симпозиумға келген қонақтарға құрмет көрсетті.
Наурыз мерекесі университет өнерпаздары дайындаған мерекелік концертпен жалғасты. «Атамекен» ұлт аспаптар фольклорлық ансамблі, «Бисұлтан» би ансамблі және жас әншілер сахнада өнер көрсетті. Шараны университет өнерпаздары «Наурыз» әнімен қорытындылады.
Сонымен қатар, университет аумағында арнайы безендірілген алаңда ұлттық ойындар жарысы болды. Наурыз мерекесін тойлауға келген халық қолөнер бұйымдары мен кимешек көрмесін тамашалап, түркі халықтарының ұлттық тағамдарынан дәм татып, зияткерлік ойындарға қатысты.
Сондай-ақ, мерекеде қазақтың салт-дәстүрлері мен ғұрыптары таныстырылды. Атап айтар болсақ, «Бесікке салу» мен «Тұсаукесер» рәсіміне университет басшылары мен қонақтар арнайы қатысып, бүлдіршіндерге сый-сыяпат табыстады.
Осылайша, Түркі әлемінің ұлық мерекесін университет ұжымы мен студенттері жоғары деңгейде атап өтті.