Ш.УӘЛИХАНОВТЫҢ ТУҒАНЫНА 190 ЖЫЛ ТОЛУЫНА ОРАЙ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Іс-шараға еліміздің әр өңірінен география пәні мұғалімдері мен әдіскерлері, жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы қатысып, Шоқан Уәлихановтың ғылыми мұрасы мен оның түркі әлеміне қосқан үлесі жан-жақты талқыланды.
Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Шоқан Уәлихановтың еңбектерін жаңаша зерделеу, түркі халықтарының мәдени-географиялық кеңістігін зерттеудегі рөлін саралау, сондай-ақ бұл мұраны қазіргі білім беру жүйесінде, әсіресе география пәнінде тиімді қолдану жолдарын талқылау.
Бағдарлама аясында қатысушылар мектептің тыныс-тіршілігімен танысып, «Түркі тілдес елдер географиясы» кабинетін аралады. Ашылу салтанатында университетіміздің ректор өкілі м.а. Нажи Генч, Ғылым және стратегиялық даму жөніндегі вице-ректор Айнаш Ошибаева, Жаратылыстану ғылымдары факультетінің деканы Раушан Нұрділлаева, педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті профессоры Ұлжалғас Есназарова, мектеп директоры Лазат Нысанқұлова және өзге де мәртебелі қонақтар сөз сөйледі.
Дөңгелек үстел барысында қатысушылар Шоқан Уәлихановтың экспедициялары, этнографиялық жазбалары, Түркі халықтарының мәдени-географиялық кеңістігін зерттеудегі еңбектері төңірегінде мазмұнды пікірлер мен баяндамалар ұсынды.
Сондай-ақ дөңгелек үстел аясында Шоқан Уәлиханов атындағы Көкшетау университетімен онлайн телекөпір ұйымдастырылып, ғылыми байланыс аясын кеңейтуге үлес қосылды.
Қорытынды сөз сөйлеген мектеп директоры Лазат Нысанқұлова бұл шараның жастарға ғалымның өмірін өнеге етіп, отаншылдыққа тәрбиелеудегі рөлі зор екенін атап өтті.
Ғылыми-педагогикалық іс-шара Шоқан Уәлихановтың бай мұрасын білім беру жүйесінде қолдану арқылы өскелең ұрпаққа рухани-тарихи сабақтастықты жеткізуге бағытталды.