«ТҰҒЫРЛЫ ЕЛ, ТҰРАҚТЫ ДАМУ: ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ ИДЕЯЛАРЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ ӨТТІ

Іс-шараға Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев арнайы қатысты.
Қонақтар ең алдымен, «Ахмет Ясауи университеті – Жаһандық жас ғалымдар» фото көрмесі мен Ахмет Ясауи университеті оқытушы-профессорларының еңбектері - «Өркен жайған оқу орда» кітап көрмесімен танысты.
Айтулы жиынның модераторы – Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев болды.
«Бүгінгі дөңгелек үстелдің басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайда көтерген бастамалары мен стратегиялық идеяларын талқылау, олардың мән-маңызын саралау және ел дамуына ықпал ететін ұсыныстарды талқылау.
Бурабайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өткен IV Ұлттық құрылтай ел бірлігін нығайту, ұлттық сананы жаңғырту, қоғамның өзекті мәселелерін ашық талқылау және тұрақты даму жолындағы жаңа идеялар мен ұсыныстарды ортаға салу мақсатында ұйымдастырылды»,-деді Ертай Алтаев.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Менің ойымша, бұл кездесу – елдің әлеуметтік және идеологиялы қнегіздерін жаңа деңгейге көтеруге бағытталған маңызды шара. Ұлттық құрылтайда көтерілген мәселелер ел болашағының стратегиялық бағыттарын айқындау тұрғысынан ерекше маңызға ие.
Ұлттық құрылтай – өткенге құрмет көрсетуге және болашаққа көз жүгіртуге бағытталған диалог алаңы. Ол ұлттың идеологиялық негіздерін нығайтатын және қоғамдық сананың жаңаруына ықпал ететін бірегей механизм ретінде жұмыс істейді»,-деді.
Ал, Қаржылық мониторинг агенттігінің Түркістан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Ерболат Балғабаев «Заң мен тәртіп: Қаржылық сауаттылықты арттыру, тәуелділік пен киберқылмыспен күрес» тақырыбында баяндама оқыды.
«Бүгін біз Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында айтқан «Заң мен тәртіп» идеологиясын жүзеге асыру аясында Қаржылық мониторинг агенттігінің бастамасымен қоғамдағы аса маңызды мәселе – Қаржылық қауіпсіздіктің қоғамдағы маңызы туралы айтпақпыз.
Қаржылық алаяқтық – бұл заңсыз әдістерді қолдану арқылы қаражаттарды немесе қаржылық ақпаратты иелену әрекеті. Мұндай заңсыз әрекеттер азаматтар мен кәсіпорындарға және мемлекеттік органдарға айтарлықтай зиян келтіреді. Ал, қаржылық қауіпсіздік – мемлекет экономикасын тұрақтылығына ғана емес, сондай-ақ, әр азаматтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Ал, кез-келген мемлекеттің басты мақсаты – өзінің қаржылық қауіпсіздігін қорғау, сақтау мен азаматтардың әл-ауқатын қамтамасыз ету»,-деді.
Жиында доцент Гүлсара Тоққұлова мен профессор Сейдулла Садықов та өздерінің Бурабайда өткен IV Ұлттық құрылтайға қатысты терең ойларымен бөлісті.
Жиынды қорытындылаған Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы жолдаған сәлемін жеткізді.
«Сіздерді Түркістанның ерекше мәртебеге ие болуымен құттықтаймын! Түркістанда дүниеге келу мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алу – үлкен мәртебе! Бұл екінің біріне бұйыра бермейтін бақ деп есептеймін! Сондықтан, сіздермен Түркістанның төрінде, білім мен ғылым ордасында кездескеніме қуаныштымын!
Мемлекетіміз үшін қандай зиянды дүниелерден арылу қажет, қандай пайдалы дүниені қолдануымыз керек екенін бәріміз білеміз. Жастар мен аға буын осы мәселеге қатысты ұсыныстарын білдірсе, біз сол механизмді жүзеге асыруға тырысамыз. Президентіміздің басшылығымен өтетін Ұлттық құрылтай осы мақсатта құрылған. Қазақстан – мол мүмкіндікке ие мемлекет. Біз мемлекетімізді, тәуелсіздігімізді сақтауымыз керек. Тәуелсіздікті одан әрі нығайту – ең үлкен міндет!»,-деді.
Осылайша маңызды тақырыпты көтерген алқалы жиын өз мәресіне жетті.