СИМПОЗИУМ ҚОНАҚТАРЫ УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ ҚЫЛМЫСТЫҚ САЯСАТ ТАҚЫРЫБЫНДА АШЫҚ ДӘРІС ӨТТІ

  • 08.04.2025
  • KZ

image

Оқу ордамызда өткен «II Қазақ тілі – ғылым тілі: жасанды интеллект және терминология» халықаралық симпозиумы аясында Қазақстанның белгілі заңгер ғалымдары «Қылмыстық саясат және қылмыстылықтың алдын алу: құқықтық және криминологиялық аспектілер» тақырыбында қонақ дәріс өтті. Шараны Экономика, басқару және құқық факультетінің Құқықтану кафедрасы ұйымдастырды. 

Дәріске Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының профессорлары қатысып, еліміздегі қылмыстық саясатты тиімді жүзеге асыру жолдарын талқылады.

Ашық дәріс оқығандардың қатарында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің құқықтану кафедрасының профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Несібелі Қалқаева, Қонаев университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, PhD, доцент Талғат Дюсебаев, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің профессоры, заң ғылымдарының кандидаты Дина Бұғыбай және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті құқықтану білім беру бағдарламасының жетекшісі, заң ғылымдарының кандидаты, Қызылорда облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Ерлан Алтаев болды.

Сонымен қатар қатысушылар І.Жансүгіров атындағы Жетісу университетінің Экономика және құқық факультетінің деканы, PhD, философия докторы Ғалым Телеуев пен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, заң ғылымдарының докторы Ермек Абдрасуловтың дәрісін тыңдау мүмкіндігіне ие болды. 

Халықаралық симпозиум аясында өткен шарада қонақтар академиялық жазылым негіздері тақырыбын да қозғады. Осылайша жақында қайта құрылған факультетте өткен шара симпозиум олжасының қатарын толықтырды.