УНИВЕРСИТЕТТЕ БІЛІМ БЕРУДІҢ ЗАМАНАУИ МОДУЛЬДЕРІ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Олардың қатарында ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА Білім және қоғамды дамыту ғылымдары бөлімшесі ғылыми хатшысы, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Күлтай Әділова (Адилова), Абай атындағы ҚазҰПУ Тарих және құқық факультеті деканының ғылым және халықаралық ынтымақтастық бойынша орынбасары, PhD Әлия Қасымбек, заң ғылымдарының кандидаты, Maqsut Narikbayev University ассистент профессоры Алмас Жұмағали сияқты ғалымдар бар.
Қатысушылар құқық қорғау саласында білім берудің өзекті мәселелері туралы сөз қозғады. Дөңгелек үстелде құқықтану, құқық қорғау және халықаралық құқық мамандықтары бойынша жаңа, тәжірибеге бағытталған және инновациялық мазмұндағы модульдер ұсынылды.
«Құқықтану» білім беру бағдарламасы бойынша 3 модуль, «Құқық қорғау қызметі» білім беру бағдарламасы бойынша 3 модуль, «Халықаралық құқық» білім беру бағдарламасы бойынша 1 модуль талқыға түсті.
Атап айтсақ, «Құқықтану» бағдарламасы бойынша құқықтық объектілермен жұмыс істеу дағдыларын қалыптастыру модулі аясында сақтандыру, бағалау және мүліктік қатынастар саласына бағытталған пәндер енгізу ұсынылды. Бұл модуль студенттерге «London Almaty Insurance Group», «Ernst & Young», «FinTec» сияқты ұйымдарда жұмыс істеуге жол ашады. Ал процессуалдық дағдыларды дамыту модулі студенттерді сот процесі, дәлелдемелер мен құқықтық стратегия негіздерімен таныстырады.
Ұйымдардағы және мекемелердегі үдеріс негіздері модулі мемлекеттік және жеке мекемелердегі құқықтық процестерді, құжат айналымы мен есептілік жүйесін практикада меңгеруге мүмкіндік береді.
«Құқық қорғау қызметі» бағдарламасы бойынша да үш модуль дайындалды. Қылмыс орнын зерттеу модулі қару-жарақ, есірткі, жарылғыш заттар мен токсикологиялық элементтерді анықтауға арналады. Ал тәжірибелік дағдылар модулі криминалистика және психологиялық талдау әдістерін үйретеді. Цифрлық дағдыларды қалыптастыру модулі дерекқорлармен жұмыс, құжаттық фальсификация мен киберқылмыстарды анықтауға үйретеді.
«Халықаралық құқық» бағдарламасы бойынша ұсынылған «Мемлекетаралық құқықтық қатынастар» модулі мемлекеттер арасындағы құқық, трансұлттық ұйымдар, офшорлық аймақтар мен халықаралық қақтығыстарды қамтиды. Бұл модуль түлектерге халықаралық заң компанияларына жұмысқа орналасуға жол ашады.
Айта кетейік, бұл модульдер мазмұны еңбек нарығындағы сұраныс пен 10 000 респондент қатысқан сауалнама нәтижесіне негізделе отырып жасалды. Жаңа жүйе студенттерді тек теориялық емес, нақты тәжірибелік ортада кәсіби маман ретінде даярлау үшін қажет.