«ҒАСЫР ДАНАСЫ – ҚОЖА АХМЕТ ЯСАУИ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КОНФЕРЕНЦИЯСЫ ӨТТІ

  • 20.02.2024
  • KZ

image

Түркі жұртының ұлы ұстазы Қожа Ахмет Ясауидің өмірге келгеніне 930 жыл толуына орай ақпанның 16-шы жұлдызында Астана қаласында «Ғасыр данасы – Қожа Ахмет Ясауи» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті. Конференцияны ұйымдастырушылар Астана қаласы әкімдігінің «Әдістемелік орталығы» МКҚК мен Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті. Өзбекәлі Жәнібеков есімін иеленген №11 мектеп-лицейде ұйымдастырылған шараға университеттің Ясауитану ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының кандидаты Нұрлан Мансұров, Теология факультеті деканы, философия және теология ғылымдарының докторы, профессор Досай Кенжетай және Теология кафедрасының аға оқытушысы, PhD Мұхит Төлегенов қатысты. Ғалымдар пленарлық отырыста баяндама жасап, 2023 жылы жарыққа шыққан, тоғыз кітаптан тұратын «Ясауи антологиясын» мектеп кітапханасына тарту етті.

Ғасыр данасы атанған тұлғаға арналған конференцияда баяндамашылар Ясауи іліміндегі рухани құндылықтарды негіз етті. Н.Мансұров «Қожа Ахмет Ясауидің қазақ руханиятындағы орны» деген тақырыпта хикметтер мен «Пақырнама» еңбегіндегі 40 мақам жайлы ой толғады. Ол мақамдардың мәні, мазмұнын саралап, айшықтап, олардың қазіргі кезде де маңызды әрі өзекті екенін сипаттады. Ал профессор Д.Кенжетай «Ясауи ілімі – ұлттық құндылықтар көзі» тақырыбында сөз қозғап, құндылықтардың қазақ қоғамы мен мәдениетіндегі орнын, үлесін баяндады. Мәдениеттің 18 қабаттан тұратынын негізге алған баяндамашы олардың ұлттық болмыспен сабақтастығын атап өтті. М.Төлегенов «Қожа Ахмет Ясауи хикметтерін тәлім-тәрбие үдерісінде қолдану мәселелері» бойынша баба мұрасының бүгінгі ұрпақ тәрбиесіне оң әсер ете алатын әлеуетіне тоқталды. Тарихи-әдеби деректерден мысалдар келтірген жас ғалым хикметтерді мектептерге пән ретінде енгізуге мол мүмкіндік барын атады. Бұл тұрғыда салыстырмалы түрде Түркия мен Өзбекстан тәжірибесін келтірді.

Конференцияда ұсынылған жаңашыл тұжырымдар қатысушылардың қолдауына ие болып, әдістемелік нұсқаулықтар қажеттігі атап өтілді.

Айта кетерлігі, бұл конференция 29-наурызда Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде жалғасатыны хабарланды.