«ТҮРКІ ТАРЛАНЫ МЕН БЕГІМ СҰЛУЫ - 2025» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

  • 16.04.2025
  • KZ

image

Университетімізде жылдағы дәстүрге  айналған  «Түркі Тарланы мен Бегім сұлуы - 2025» байқауы өтті.

Жобаның негізгі мақсаты – терең тарихтың қойнауында жатқан болмысымызға бойлап, түркілердің түп тамырындағы дәстүрді заманауи бояумен ұштастыру.

Айтулы байқауға көп ішінен іректелген, өнері мен білімі арқылы даралаған  9 қыз бен 9 жігіт қатысты.

Қатысушылардың өнеріне әділ бағасын берген қазылар алқасының құрамында: Қазақстан Республикасының Мәдениет қайреткері, композитор Әлімбай Ботақараев, Мәдениет орталығының директоры Жібек Сейтметова,  Медиа және PR орталығының басшы және Баспасөз хатшысы Гүлдана Қазтай,  «ALTYN MODELS» Модельдік агенттігі негізін қалаушы, «MISS TURKESTAN» ұлттық сұлулық байқауының директоры Зарина Рафаэльевна,  университетіміздің түлегі,  «Dollar travel» туристік агенттігінің директоры бас демеушілеріміздің бірі  Рано Құдайбергенова,  доктор Ахмет Түре болды.

Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова мен Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов байқаудың өтуіне демеушілік жасаған тұлғалар мен мекемелерді алғыс хаттармен марапаттады. Сайысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, байқаудың маңызы туралы айтты. 

Үміткерлер үш кезең бойынша сынға түсті: Дефиле, Сұрақ-жауап, Шығармашылық сайыс.  

Сайыс нәтижесі бойынша университетіміздің Түркі тарланы — «Теология» факультетінің студенті Сәттіғұл Сәрсенбай атанды. Ал Бегім сұлу атағы – «Экономика, басқару және құқық» факультетінің студенті  Нұрай Жұпарбекке бұйырды. Бас жүлде иелеріне арнайы тапсырыспен жасалған «Бегім сұлу» тәжі мен Алмас қылыш табысталды. Гран-при иегерлеріне «Dollar travel» туристік агенттігі атынан Катар еліне жолдама берілді. 

Байқауда I орынды Мұхаммед Әлі Боз бен Ақерке Ғазизқызы жеңіп алса, Нұрмұқасан Өмірбай мен Анель Сұлтанбек II орынды иемденді. III орын Әсет Самархан мен Сабрина Махкамоваға  бұйырды. Өзге де өнерлі қатысушыларға «Білекті батыр мен Сұлу сымбат», «Білімді Бекзад пен Білімді Ару», «Үздік дефиле»,«Көрермен көзайымы», «Өнерлі Өрен мен Жарық жұлдыз» сынды номинациялар табысталды. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды. 

Кеш соңында, басты қонақ, сахнаның жарық жұлдызы – Ернар Амандық ән шырқап, көптің қошеметіне бөленді.

Оқу ордамыздың өнерлі қыздары мен жігіттерінің басын қосқан дода жоғары деңгейде өтті. Бұл туралы көрермендер айтып, ұйымдастырушылар мен оқу орда басшылығына ризашылықтарын жеткізді.