ОҚУ ОРДАМЫЗДА ТАҒЫЛЫМЫ МОЛ КЕЗДЕСУ ӨТТІ

  • 23.04.2025
  • KZ

image

Университетімізде ұлт руханиятын дәріптеуге бағытталған республикалық экспедициямен кездесу өтті.

Ең алдымен, ректор Жанар Темірбекова экспедиция мүшелерін арнайы қабылдады.

«Тарихы терең Түркістанға қош келдіңіздер! Күллі түркі дүниесінің рухани астанасы саналатын қасиетті қаламыз күн санап дамып, өркендеп келеді. Этнография – біздің ұлттық болмысымыздың өзегі. Осы тұрғыда Қазақстан Жазушылар одағы мен университет арасындағы рухани байланыс пен ынтымақтастық – ерекше маңызға ие»,- деді ректор.

Сонымен қатар, оқу орда басшысы университеттің ұлттық құндылықтар бағытында атқарып жатқан ғылыми жобаларымен таныстырды. Болашақта бұл бағыттағы кез келген игі бастамаларға қолдау көрсететінін айтты.

Ал, Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма Төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы экспедицияның мазмұны мен маңызын атап өтті. Сондай-ақ, Зейнолла Сәніктің мол мұрасын ғылыми айналымға енгізу жөнінде ұсыныс білдірді.

«Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты еңбегі – ұлтымыздың рухани мұрасындағы шоқтығы биік туындылардың бірі. Бұл кітап этнографиялық ғылымның ғана емес, ұлттық сананың іргетасын бекітетін құнды еңбек»,- деп, ректорға кітапты сыйға тартты.

Келесі кезекте, университет кітапханасында студенттер, этнограф-ғалымдар, ақын-жазушылар мен әдебиет сүйер қауымның қатысуымен мазмұнды кездесу өтті. Іс-шараны Жазушылар одағының Түркістан облысындағы өкілі, ақын Айдар Сейдазым жүргізіп, ұлттық құндылықты ұлықтауға бағытталған экспедицияның мақсатымен таныстырды.

Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Ғалым Қалибекұлы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің экспедиция мүшелеріне арналған арнайы құттықтау хатын оқып берді.

Кездесу барысында қоғам қайраткері, ғалым Ұлықпан Сыдықов: «Бұл ұлттық экспедиция Ұлттық құрылтайда көтерілген ой-тұжырымдармен үндес. Ұлттың біртұтастығы, әр қазақтың бойындағы тектілік пен рухани жауапкершілік – ұлттық құндылықтар жүйесінің айғағы»,- деді.

Жиын барысында Зейнолла Сәнік атындағы Мәдениет қоры әзірлеген деректі фильм көпшілік назарына ұсынылды.

Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов болашақта университет қабырғасында ұлттық құндылықтарға бағытталған көптеген ғылыми және мәдени жобалар қолға алынатынын жеткізді.

Ал, ғалым Жанат Зейноллақызы әкесінің ғылыми мұрасын зерделеу – жас ұрпақтың ұлттық болмысын қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын атап өтті.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сейдулла Садықов: «Түркістан – ұлттық құндылықтардың алтын бесігі. Бұл киелі шаһардағы экспедицияның мән-мағынасы ерекше. Ұлттық санада ұмытылып бара жатқан көптеген құндылықтардың қайта жаңғыруына түрткі болатын бастама – осы»,- деді.

«Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты еңбегімен алғаш танысқан сәтте ерекше әсерге бөлендім. Бұл – менің өмір бойғы зерттеу нысаным болған этнография саласының рухани діңгегі. Сол еңбектің ықпалымен өзім де этнографиялық бағытта бірқатар ғылыми туындылар жаздым»,- деді профессор Шәкір Ыбраев.

Келесі кезекте, тарихшы-ғалым Хазіретәлі Тұрсын этнография ғылымының қазақ тарихы мен дүниетанымындағы орны туралы қысқаша мазмұндама жасады.

Кездесу соңында Зейнолла Сәніктің «Қазақ этнографиясы» атты еңбегі оқытушылар мен студенттерге, зиялы қауым мен ақын-жазушыларға сыйға тартылды.