УНИВЕРСИТЕТІМІЗ БЕН ТҮРКІСТАН МУЗЫКАЛЫҚ ДРАМА ТЕАТРЫ АРАСЫНДА ДУАЛЬДЫ ОҚЫТУ ЖҮЙЕСІ ЖҮЗЕГЕ АСПАҚ

  • 21.02.2024
  • KZ

image

Түркістан музыкалық драма театры мен Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Театр өнері» мамандығының студенттері үшін дуальды оқыту жүйесін жүзеге асырмақ. Сонымен қатар, Түркістан музыкалық драма театрының шеберлік сыныбын оқу ордамыздың базасында ашу ұсынылды.

Дуальды оқытудағы мақсат – кәсіби білім берудің практикалық және теориялық компоненттері біріктірілген маман даярлау. Білімгерлердің театр репертуарларында жұмыс істеп, өнер көрсетуі арқылы тәжірибелерін арттыру.

Аталған мәселе бойынша Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан мен театрдың актерлік труппа меңгерушісі Али Марат пен оқу ордамыздың ректоры Жанар Темірбекова кездесті. Сондай-ақ, басқосуға вице-ректорлар Асқар Тұрғанбаев пен Эльмира Идрисова, Спорт және өнер факультетінің деканы Бегахмет Абусейтов пен «Орындаушылық өнер» кафедрасының оқытушы құрамы қатысты.

Кездесуде алғашқы сөзді алған университет ректоры Жанар Темірбекова бұл бастама студенттердің келешекте тәжірибелі маман болып қалыптасуына мол мүмкіндік беретініне сенетінін атап өтті.

«Біздің ортақ мақсатымыз – студенттерге жақсы орта қалыптастыру. Ол ортада шын таланттар одан әрі қарай шыңдала түседі»,- деді Жанар Темірбекова.

Басқосуда дуальды оқыту жүйесі жан-жақты талданып, екі тараптың сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды. Сонымен қатар, «Театр өнері» мамандығы студенттерінің театрда өндірістік практикадан өтуі мен болашақта жұмыспен қамту мәселелері қарастырылды. Тараптар студентке, келешек маманға берер мүмкіндіктері мен талантты жастарға қолдау көрсетудің үлгілерін айтты.

Түркістан музыкалық драма театрының директоры Әлімхан Мырзахан шеберлік сыныпта театр қызметкерлері мен өнер майталмандары, елімізге белгілі әртістердің студенттерге шеберлік сағаттары мен тренингтер өтетінін және өзге де пайдасы туралы баяндады. Дуальды оқытудың студенттер мен университет үшін оң тараптарын тілге тиек етті. Ең бастысы – алған теориялық білімін практика жүзінде шыңдайтын, өз талабы мен талантын көрсеткен жастарды театрда жұмыспен қамтуға болатынын айтты.

Басқосу соңында тараптар дуальды оқыту мен театр шеберлігі сыныбын ашу ұсыныстары мен оған қатысты білім беру бағдарламаларын мамандар сараптауынан өткізіп болған соң, ортақ жоба жасауға келісті.