ПРОФЕССОР САПАРБЕК ЕРГӨБЕК АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ

  • 30.04.2025
  • KZ

image

Бүгін университетімізде Филология ғылымдарының кандидаты, профессор, Сапарбек Ергөбек атындағы дәрісхана ашылды. Оқу орданың дамуы мен білім-ғылым жолында тер төккен ұстаздар қауымын қастерлеген игі іс өз жалғасын тапты.

Сапарбек Ергөбек – оқу ордамызға еңбек сіңірген құрметті ұстаз. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетін Қожа Ахмет Ясауидің сопылық ілімімен байланыстыра зерттеген алаштанушы ғалым.

Бүгін ұлағатты ұстазды ұлықтау шарасына жиналған зиялы қауым өкілдері, ағайдың отбасы мен оқу орда басшылары айтулы дәрісхананың лентасын салтанатты түрде қиды. Келесі кезекте, факультет ауласында дәрісхананың ашылу құрметіне орай ағаш отырғызу рәсімі өтті. 

Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгінгі тағылы мол іс-шарамызға қош келдіңіздер! Әріптестері Сапарбек ағайды құрметтеп, бірге жұмыс істеген сәттерін сағына еске алады. Сол үшін бүгін алыстан ат терлетіп келген әріптестері мен шәкірттерінің қатары қалың.

Құрметті студенттер, сіздер ағайдан сабақ алмасаңыздар да ағайдың шәкірттерінен дәріс алып жатырсыздар. Ағай университет дамуына атсалысқан тау тұлға. Адал азамат, адал ұстаз ретінде есте қалды.

Оқу ордамызда ұзақ жылдар қызмет еткен ғалымдардың атына дәрісханалар ашылып, құрмет көрсетіліп келеді. Бұл игі іс әлі де жалғасады»,-деді.

Сондай-ақ, ректор ағайдың жұбайы Нағима Қошановаға шапан жауып, гүл шоқтарын табыстады.

«Сапарбек Ергөбек ағайымыздың атындағы дәрісхананың ашылуы құтты болсын! Біздің университет – жастарға тек білім беріп қоймай, өткен тарихын үмытпай, жаңғыртатын орта. Бүгінгі жиын соның дәлелі»,-деді ректор өкілі м.а Нажи Генч.

Ал, Сапарбек Сәрсенұлының ағасы, профессор Құлбек Ергөбек: «Бүгін Ясауи университетінде тағы бір тарихи іс жүзеге асты деп ойлаймын.Университет негізін қалаушылардың бірі, қазақтың филология саласында ойып орын алған Сапарбек Ергөбек атындағы аудитория ашылды. Соның құрметіне шынар ағашы егілді. Оның да өз мәні бардай. Әкемізден 6 айында қалған шыбықтай Сапарбек, қазақтың шынарына айналып өмірден өтті.

Оқу орындарының басшыларын «рухани жетекші» деп атағанды жөн көремін. Себебі, жоғары оқу орны – руханият ордасы. Осы орданың бүгінгі жетекшісі Жанар Темірбековаға рақметімді айтамын. Осы университеттің негізін қалаушылардың бірі, профессор Сапарбек Ергөбек атындағы аудиторияны ашуға қамқорлық жасап, басы-қасында жүргендеріңіз үшін баршаңызға ризашылығымды білдіремін»,-деді. 

Жиын барысында Сапарбек Ергөбектің ғылыми-шығармашылық ізденістері, қазақ әдебиеттану ғылымындағы дара қолтаңбасы, ғылым адамы ретінде тұлғалық бейнесі кеңінен айтылды.

Сондай-ақ, оның  Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайы ісіне қосқан үлесі де сөз болды. Сапарбек Ергөбектің шәкірттері де өз естеліктерімен бөлісті. Білім нәрімен сусындатқан ұстаздары жайлы тарқата баяндады.