АХМЕТ БАЙТҰРСЫНҰЛЫ АТЫНДАҒЫ ТІЛ БІЛІМІ ИНСТИТУТЫНЫҢ КӨШПЕЛІ СЕМИНАРЫ ӨТТІ

  • 08.05.2025
  • KZ

image

Бүгін университетімізде «Қазақ тілді білім беру үдерісі үшін пайдалы тілтанымдық контент пен цифрлық ресурстар» атты көшпелі семинар өтті. Айтулы іс-шараны ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетіне қарасты Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты ұйымдастырды. Жиынға Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері және тіл жанашырлары, зиялы қауым өкілдері мен студенттер қатысты.

Айта кетейік, қазақ тілін ғылыми тұрғыда зерттеп, оның дамуына үлес қосуды мақсат еткен Тіл білімі институты еліміздегі жетекші ғылыми-зерттеу мекемелерінің бірі. Бұл туралы жиында сөз бастаған институт директоры Анар Фазылжанова атап өтті.

«Құрметті қонақтар, баршаңызды бүгінгі іс-шарада көргеніме қуаныштымын! Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің ұстаздары қазақ тілін зерттейтін біз сияқты ғалымдар үшін әлемдегі ең жақсы адамдар! Себебі, біздің тілімізді сақтап қалатын, ары қарай келесі ұрпаққа жеткізетін де – сіздер! Басқа пән мұғалімдері өзге салалар бойынша ғылыми білімді берер, дегенмен, ана тіліне деген сүйіспеншілік пен қадір-қасиетін үйрететін ұстаз да – сіздер!»,-деді.

Келесі кезекте, Анар Фазылжанова ректор Жанар Темірбекованың қазақ тіліне деген жанашырлығына алғыс айтып, арнайы шапан жапты.

Сөз тізгінін алған ректор Жанар Темірбекова: « Анар ханым айтып өткендей, қазақ тіліне қызмет ететін адам мемлекеттік саясатқа қызмет етеді. Бұл рас. Бір ұлттың қалыптасуында тіл, тарих, географиясы өте маңызды. Себебі, тарихын білмеген адамның отаны жоқ, тілді білмеген адамның оты жоқ деуге болады.  

Тәуелсіздік алғаннан соң елімізде көптеген институттар ашылды. Бірақ, олардың ішінде тіл саясаты бойынша Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының орны ерекше. Ахмет атамыздың аты берілген, түрлі зерттеулер жасалып, үлкен буын ағаларымыз қызмет еткен институтқа құрметпен қараймыз! 

Бүгінгі семинардың маңызы зор. Сондықтан, семинар жұмысына сәттілік тілеймін! Қазақ тіліне бәріміз бірге қызмет етейік!»,-деді.

Жиын барысында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғылыми жұмыстары мен жетістіктері туралы кеңінен айтылды. Сондай-ақ, «Ahmettanu.kz» ғылыми-ақпараттық сайтының білім беру үдерісіндегі тарихи-танымдық қызметі», «Күрделі етістіктерді корпус лингвистикасы тұрғысынан сипаттау жолдары», «Қазақ цифрлық терминологиясы: терминологиялық база және ішкорпус», «Инфобизнестегі қазақ тілі қолданысы. Инстаграм әлеуметтік желісіндегі блогер, СММ, маркетологтар тілі» сынды өзге де тың тақырыптар қозғалды.