«ҰЛЫ ДАЛА ҮНІ – БАУЫРЛАСТАР ЖҮРЕГІНДЕ» АТТЫ ӘДЕБИ-САЗДЫ КЕШ ӨТТІ

  • 20.05.2025
  • KZ

image

Бүгін Кентау кампусында Дайындық орталығы, Қазақ-орыс тілдері бөлімінің ұйымдастыруымен «Ұлы Дала үні – бауырластар жүрегінде» атты әдеби-сазды кеш өтті.

Тыңдаушылардың қорытынды кешін ашып берген ректор Жанар Темірбекова: «Сүйікті студенттер, мінекей, сіздер де оқу жылының соңына таяп қалдыңыздар. Бүгін үлкен қуаныш! Себебі, бір жылғы еңбектеріңізді сахна өнері, концерт арқылы көрсетесіздер. Бұл жыл – ең алғашқы оқу жылы ретінде ең қызықты кезеңдеріңіз болды деп ойлаймын. 

Баршаңызға оқу жылының табысты аяқталғаны құтты болсын! Алдағы емтихандарыңызға сәттілік тілеймін! Ал, келесі жылы сіздерді Түркістан қаласында күтеміз!»,-деді.

Келесі кезекте, Қаржы және Халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу: «Бүгін мен үшін де ерекше маңызға ие күн! Бұл орталық тек қана ғимарат емес, естелікке толы студенттік шағымның бастауы болған жер. 2005 жылы осы жерде қазақ тілін үйрендім. Араға 20 жыл салып, Дайындық факультетіне келгеніме толқып, әрі қуанып тұрмын!

Түркі дүниесінен келген тыңдаушылардың қазақ тілінде концерт қоюы оқу ордамыздағы мәдени интеграция мен тұтастықтың көрінісі деп білемін. Осы кештің ұйымдастырушыларына, ұстаздарымызға алғыс айтамын!»,-деді.

Кеш барысында бір жыл бойы қазақ тілін үйренген тыңдаушылар өз білімдерін паш етті. Сахна төрінде қазақ тілінде ән шырқап, Абай мен Мағжан Жұмабаевтардың өлең шумақтарынан шашу шашты. Сондай-ақ, қазақ тарихындағы хандар мен билер жайлы қойылымдар қойды.

Өнерлі жастар якут, әзербайжан халқының ұлттық билерін биледі. Қырғыз халқының әйгілі «Манас» жырын жырлады. Осылайша, тек қазақ халқының ғана емес, түбі бір түркі жұртының мәдениетін қазақ тілінде танытты.