«YASAWI ЖҰЛДЫЗЫ – 2025» АТТЫ БЕЛСЕНДІ СТУДЕНТТЕРДІ МАРАПАТТАУ КЕШІ ӨТТІ

Жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін іс-шараның мақсаты – 2024-2025 оқу жылы көлемінде университет қызметіне және қоғамдық жұмыстарға белсенді атсылысқан студенттерді ынталандыру.
Айтулы кеш шымылдығын түрген ректор Жанар Темірбекова: «Түркі әлемінің жарқыраған жұлдызы, Ясауи университетінің ең керемет студенттері, кеш жарық! Бүгін расында да ерекше күн! Белсенді жастар 1 жылда ең кемі 25 үлкен іс-шара өткізген екен. Бұл ғылыми іс-шаралардан бөлек, студенттердің өздері ұйымдастырған іс-шаралары. Қарап отырсақ, студенттеріміз 2 аптада бір рет бас қосып, осыларды ұйымдастырып, бір-біріне бақытты сәт сыйлапты. Сондықтан, сіздерге шексіз алғыс айтамын! Сахнада өнер көрсеткен белсенділерден бөлек, көрермен болып отырған әр студент – сіздер де бір-бір жұлдызсыздар!»,-деді.
Келесі кезекте, Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова: «Біз бүгін өте қуаныштымыз! Ең жақсы университет – ең белсенді студенттері оқыған кезде үздік атанады. Біз сіздермен мақтанамыз! Әрбіріңіздің жеңісіңіз – ұжымның ортақ жеңісі!», - деді.
«Құрметті Ясауи жастары, сіздерге тек табыс пен жеңіс тілеймін! Оқу ордасы әрдайым сіздердің қара шаңырақтарыңыз бен білім мекендеріңіз болып қалады. Ғылым мен білімді дамытып қана қоймай, Адал адам, Адал азамат ұғымын қалыптастыруымыз керек. Сол кезде алған білім одан әрі арта түседі деп ойлаймын! Бүгінгі кеш құтты болсын!», - деді Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов.
Ең алдымен, ректор Жанар Темірбекова бастаған университет басшылары XVII Республикалық пәндік олимпиада да жүлделі орындарға ие болған білімді студенттерді марапаттады.
Қадірлі қонақ, Түркістан қаласы әкімдігінің Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Қадырболат Мұсағалиев пен Вице-ректорлар Эльмира Идрисова мен Еділ Төлегенов және Жауапты Хатшы м.а Владлен Ким: «Үздік студент», «Үздік студенттік деканат», «Түркі әлемі үздік көшбасшысы», «Үздік елші», «Үздік клуб», «Үздік студенттік декан» сынды т.б номинацияларының иегерлеріне арнайы дайындалған статуэтканы табыстап, марпаттады.
Марапаттау рәсімінде әртүрлі бағытта жалпы 20-дан астам номинация бойынша үздіктер анықталды.
Кеш соңында белсенді жастар ән шырқап, би биледі. Ұмытылмас студенттік кезеңнің ең көңілді кешінде «Ясауи жұлдызын» жақты.