БОКСШЫ СТУДЕНТТЕРІМІЗ - АЗИЯ ЧЕМПИОНДАРЫ

  • 23.05.2025
  • KZ

image

Университетіміздің студенттері Шри-Ланкада өткен бокстан 22 жасқа дейінгі Азия чемпионатында еліміздің абыройын асқақтатып, айқын жеңіске жетті.

Әйелдер арасында 75 келі салмақта ел намысын қорғаған Шұғыла Нәлібай финалда Шри-Ланка өкілі Мудианселадже Нарасинханы 1-раундта техникалық нокаутпен жеңіп, алтын медаль иеленді. Шұғыланың жойқын соққыларына қарсылас еш қарсылық көрсете алмай, төреші кездесуді уақытынан бұрын тоқтатты. Бұл оның халықаралық ареналардағы кезекті жарқын жеңісі.

Ерлер арасында 67 келі салмақта күш сынасқан Бақтияр Анарбаев та финалда қарсыласына еш мүмкіндік қалдырмады. Қырғызстандық Алмаз Орозбековпен болған кездесуде жерлесіміз шабуыл мен қорғанысты тиімді үйлестіріп, 5:0 есебімен таза жеңіске жетті. 2023 жылы Астанада жастар арасында Азия чемпионы атанған Бақтияр бұл жолы да жоғары деңгейдегі шеберлігін көрсетті.

Ерлер арасында 75 келіде жұдырықтасқан Аман Қонысбековтің де ақтық сында мерейі үстем болды. Жергілікті боксшы Усайз Мохаммедке қарсы өткізген кездесуде ол өз стилінен айнымай, төрешілердің бірауыз шешімімен 5:0 есебінде жеңіске жетті. Аман бұған дейін Астанадағы Elorda Cup халықаралық турнирінде ұлттық құрама сапында дебют жасаған болатын.

Чемпиондарымыздыі жеңісі құтты болсын, алдағы жарыстарда да сәттілік тілейміз!