УНИВЕРСИТЕТІМІЗГЕ ҚР ҒЫЛЫМ ЖӘНЕ ЖОҒАРЫ БІЛІМ МИНИСТРІНІҢ КЕҢЕСШІСІ ФАТИМА ЖАҚЫПОВА КЕЛДІ

  • 28.05.2025
  • KZ

image

Бүгін оқу ордамызға ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Фатима Жақыпова арнайы келді.

Министр кеңесшісімен өткен кездесуге вице-ректорлар және факультет декандары мен ҒЗИ директорлары, кафедра меңгерушілері қатысты.

Жиында сөз бастаған Академиялық мәселелер вице-ректоры Эльмира Идрисова: «Бүгін ортамызда жоғары білім мен ғылым саласында болып жатқан трансформациялар мен білім сапасын арттыру сынды маңызды тақырыптар аясында жұмыс істеп жүрген Фатима Жақыпова отыр. Осы тұста, аталған мәселелер бойынша бағыт-бағдар алу мақсатында сіздермен арнайы кездесу ұйымдастырдық»,-деді.

Ең алдымен, Фатима Жақыпова Түркістан облысына іс-сапармен келудегі мақсаты туралы баяндады. Сондай-ақ, «Құрметті әріптестер, киелі Түркістанға келіп, сіздермен кездескеніме қуаныштымын! Біз Ясауи университетін жақсы танимыз. Қарқынды дамып келе жатқан, тарихы тереңге бойлаған оқу орда деп білемін. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда 20 жоғары оқу орны «Академиялық артықшылық орталығы»  ретінде даму үстінде. Ал, Ясауи университеті осы тізімдегі алғашқы 6 жоғары оқу орынның қатарына енді. Бұл оқу орда барлық мүмкіндікке ие. Адами капиталының деңгейі өте жоғары»,-деді.

Келесі кезекте, «Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығының қызметіне қойылатын біліктілік талаптарының жаңа тәсілдері мен нысандары» тақырыбында баяндама оқыды. 

Баяндама барысында қазіргі таңдағы жоғары оқу орындарының білім беру сапасы, халықаралық ЖОО-ның білім ареналары, студенттердің білім сапасы мен жұмысқа орналасу көрсеткіштерінен бастап, ғылым жолында тың еңбек етіп жүрген оқытушы-профессорларға ұсынылар мүмкіндіктер туралы тарқата айтты.

Жиын соңында қатысушылар маңызды ақпараттармен бөлісіп, серпін берген Фатима Жақыповаға алғыстарын айтты.