УНИВЕРСИТЕТІМІЗ - ЖАЗҒЫ УНИВЕРСИАДА ЖЕҢІМПАЗЫ

  • 13.06.2025
  • KZ

image

Бүгін еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттері арасындағы XIII Жазғы Универсиаданың салтанатты жабылу рәсімі өтті. Айтулы сайыста Ясауи университетінің құрама командасы чемпион атанды.

Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындары студенттері арасында бұқаралық спортты дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың достығы мен ынтымақтастығын нығайтуды мақсат еткен дода тартысқа толы болды. 35 күнге созылған жарыста 800-ден астам медаль мен 104 кубок үлестірілді. Айта кетейік, биылғы универсиадаға қатысушылар саны артып, рекорд орнатты.

Сайысқа 79 жоғары оқу орынының 3000-нан астам студенті қатысты. Қатысушылар 17 олимпиадалық және ұлттық спорт түрінен өзара бақ сынады. Ал, оқу ордамыздың 187 спортшысы үздік нәтижеге қол жеткізді. Оның айқын дәлелі – оқу орда құрамасы командалық есеппен көш бастады. Университетіміздің қоржыны 31 алтын, 19 күміс, 27 қоламен толықты. Осылайша,спортшыларымыз жалпы саны – 77 медальге ие болып, жеңіс тұғырынан көрінді.

Жабылу салтанатында Халықаралық Туризм және меймандостық университетінің ректоры Әлібек Шоқпаров ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің құттықтау тілегін оқып берді.

Келесі кезекте, жеңімпаз командалар арнайы марапатталды.

Универсиада нәтижесінде Чемпион кубогын алған Ясауи университеті көптің қошеметіне бөленді. 2-орынды М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті иеленді. Ал, 3-орынға Қазақ спорт және туризм академиясы табан тіреді.

Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.Сахнада ән шырқалып, спортшы жастар жарқын жеңістерін атап өтті.

Көп ішінен топ жарып, оқу орда атын асқақтатқан спортшыларымыздың жеңісі құтты болсын!