❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ САМСУН ҚАЛАСЫНДА МАҢЫЗДЫ РЕСМИ КЕЗДЕСУЛЕР ӨТКІЗДІ

  • 01.08.2025
  • KZ
  • 145

image
Оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова Түркияға жасаған жұмыс сапары аясында Самсун қаласында бірқатар маңызды кездесулер өткізді. Айта кетейік, Самсун қаласы – Түркияның Қаратеңіз жағалауының ең ірі қаласы.
Ең алдымен, ректор Жанар Темірбекова Самсун облысы губернаторы Орхан Тавлы және Самсун қаласының мэрі Халит Доғанмен кездесті. Басқосуға Самсун облысы губернатор орынбасары Билал Боздемир, профессор Метин Йылмаз, профессор Назми Полат, және Самсун облыстық білім басқармасының басшысы доктор Мурат Агар де қатысты.
Әңгіме барысында тараптар Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия іссапарының маңызы, қос елдің мемлекет басшыларының өзара ынтымақтастықты дамытуға қосып жатқан үлестерін атап өтті. Әсіресе 29 шілде күні Анкарада қабылданған Стратегиялық ынтымақтастық аясында жүргізілетін жобалар, соның ішінде түркі әлемі жастарына бағытталған интциативалар кеңінен талқыланды.
Самсун облысының губернаторы Орхан Тавлы Самсун қаласында Орта Азия елдерінің мәдениетін таныстыруға арналған арнайы орталық ашу жоспары барын мәлімдеді. Өз кезегінде, Жанар Темірбекова Ахмет Ясауи университеті тарапынан бұл бастамаға қолдау көрсетілетінін жеткізді.
Тараптар аймақтық және халықаралық ауқымда бірлескен жобалар, ғылыми-зерттеу бастамалары мен білім беру бағдарламалары арқылы өзара серіктестікті дамытуға мүдделі екендіктерін білдірді.
Бұдан әрі Жанар Темірбекова Ondokuz Mayıs Üniversitesi-нің ректоры, профессор доктор Фатма Айдынмен кездесті. Басқосуда екіжақты академиялық ынтымақтастық, студенттер мен оқытушылар алмасуы, бірлескен ғылыми жобалар төңірегінде келіссөздер жүргізілді.
Оқу орнымыздың ректоры Жанар Темірбекова Ondokuz Mayıs Üniversitesi профессорлары және ғалымдарымен тығыз байланыс орнағанын ерекше атап өтті. Оқытушы-ғалымдар Ахмет Ясауи университетінің қызметіне атсалысып, ұйымдастырылған ғылыми шараларға белсенді қатысып келеді. Мәселен, осы жоо Ислам тарихы және өнері кафедрасының профессоры Метин Йылмаз университетіміздің Теология факультетінде бірнеше жыл табысты қызмет еткен. Сонымен қатар, әлі күнге дейін оқытушыларымызбен байланыс орнатып, студенттеріміздің академиялық ұтқырлық бағдарламалары бойынша білім алуына қолдау көрсетіп келеді. Жанар Темірбекова профессор Метин Йылмазға және Ondokuz Mayıs Üniversitesi ректоры, профессор доктор Фатма Айдынға осындай қолдау үшін алғыс айтты.
Тараптар Археология саласы бойынша бірлескен жобалардың атқаруға уағдаласты. Сонымен қатар, Самсун облысы губернаторының ұсынысы талқыланып, іске асыру мүмкіндіктері қарастырылды.
Кездесу соңында естелік сыйлықтар табысталып, бірлескен суретке түсу рәсімі өтті.
Жанар Темірбекова сонымен қатар Самсун университетінің ректоры, профессор доктор Махмут Айдынға да арнайы барып, ресми кездесу өткізді.
Басқосуда екіжақты білім беру саласындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды. Ректор Жанар Темірбекова Самсун университетінің даму үдерісімен, кампус аумағындағы соңғы өзгерістермен танысып, оқу ордасының тыныс-тіршілігіне көз жүгіртті.
Айта кетейік, Самсун университеті – Түркия көлемінде ірі Технофесттерді ұйымдастырып жүрген, қарқынды дамып келе жатқан жоғары оқу орындарының бірі. Жаңадан құрылғанына қарамастан, университет ауқымды трансформациялар мен жаңашыл жобаларға жол ашуда. Әсіресе, ұшақ инженериясы мамандығы бойынша айтарлықтай жетістіктерге жетіп отыр.
Кездесу барысында Жанар Темірбекова келесі Технофестті Түркістан қаласында өткізу туралы ұсыныс білдірді. Түркиялық әріптестер бұл бастаманы қолдап, алдағы уақытта дайындық жұмыстары басталатыны айтылды.
Сапар соңында тараптар жоғары білім беру сапасын арттыру, тәжірибе алмасу және бірлескен жобаларды іске асыру бағытында пікір алмасты.