Түркияның Сапанжа қаласында университетіміздің Өкілетті Кеңесінің 79-мәжілісі өтті.
Жиынға Өкілетті Кеңес Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек, Қазақстанның Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты, танымал ғалым және қоғам қайраткері Дархан Қыдырәлі, университет ректоры Жанар Темірбекова, Түркия Республикасының Мәдениет және туризм вице-министрі Сердар Чам, сондай-ақ онлайн режимде Түркия тарапынан Өкілетті Кеңес мүшесі Ибрахим Калын, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев пен Қазақстан Қаржы министрлігі Әлеуметтік сала бюджеті департаментінің директоры Жанар Алдасугурова қатысты.
Жиында өткен оқу жылының қорытындылары жасалып, алдағы кезеңнің негізгі басымдықтары белгіленді.
Кеңес барысында түрлі ұсыныстар мен пікірлер талқыланып, бірқатар маңызды шешімдер қабылданды.
Мәжілістің ең басты жаңалығы – Өкілетті Кеңес мүшелерінің Түркия Республикасы бюджетінен докторантура бағдарламаларына арнайы квота бөлу жөніндегі шешімі. Бұл қадам жас зерттеушілерге халықаралық деңгейде білімін жалғастыруға тың мүмкіндік ашпақ.
Мәжілістің алғысөзін университетіміздің Өкілетті Кеңес Төрағасы, профессор Мухиттин Шимшек бастап,шақыртуды қабыл алып келген Өкілетті Кеңес мүшелеріне алғысын білдіріп, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі.
ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенкулов: “Бүгінгі кезекті отырыстың ерекшелігі – бауырлас Түрік елінде өтуінде”, - деп, сәттілік тіледі. Ол күн тәртібіндегі мәселелер маңызды екенін атап, олардың оң шешімін табатынына сенім білдірді. Сонымен қатар, бауырлас Түрік елімен білім және ғылыми саладағы ынтымақтастықтың маңызын тілге тиек етіп, екі ел арасындағы байланыстардың одан әрі дамуына үміт білдірді.
"Бүгінгі мәжіліс жоғары деңгейде өтті, маңызды шешімдер қабылданды. Докторантура бағдарламасына арнайы Түрік квотасы бөлінді. Ректорат тарапынан атқарылған жұмыстардың есебінде өткен мәжілістен бергі кезеңде жүзеге асқан негізгі жобалар, оқу процесін жетілдіру бағытындағы қадамдар, ғылыми-зерттеу жұмыстарының жетістіктері және халықаралық әріптестікті кеңейту бойынша атқарылған шаралар жан-жақты баяндалды. Сондай-ақ, әлемдік білім беру кеңістігінде университетіміздің беделін арттырған жетістіктер аталды. Халықаралық рейтингтердегі көрсеткіштердің айтарлықтай жоғарылауы – университеттің ғылыми әлеуетінің, білім сапасының және басқару тиімділігінің нәтижесі екені анық” , - деді Қазақстан Парламенті Сенатының депатуты Дархан Қыдырәлі.
Түркияның Мәдениет және туризм вице-министрі Сердар Чам да мәжілістің нәтижесін жоғары бағалады. Ол Қазақстан мен Түркия арасындағы білім және мәдени байланыстардың маңызына, екі елдің ортақ тарихы мен бауырластық қарым-қатынас аясындағы университеттің даму бағыттарына тоқталды. Сердар Чам университеттің халықаралық деңгейдегі жетістіктерін де ерекше атап өтіп, бірлескен білім беру жобалары мен тәжірибе алмасу мүмкіндіктерін кеңейтуге ниет білдірілді.
Өкілетті Кеңес мәжілісінде соңғы(78-ші мәжіліс) басқосудан кейін ректорат тарапынан атқарылған жұмыстар есебі тыңдалды. Университет ректоры Жанар Темірбекова 2024-2025 оқу жылының қорытындысын да баяндады.
Жиында 2025-2026 оқу жылы күндізгі оқу түрі — бакалавриат, магистратура бағдарламасына қабылданатын студенттер контингенті мен квота орындарының үлестірілу мәселелері қаралды. Атап айтар болсақ, университет құрылған күннен бері Түркия Республикасы тарапынан дәстүрлі түрде 500 түрік квотасы бөлінеді. Қазақстандық талапкерлерге жыл сайын үлестірілетін бұл квота — мемлекеттік грантқа іліне алмай қалған талапкерлер үшін керемет мүмкіндік. Оның ішінде, спорт және өнер саласында табысты болған, халықаралық сайыстарда жүлделі орындарға ие болған , ата-ана қамқорлығынсыз қалған, күн көріс деңгейі және әлеуметтік кем қамсыздандырылған отбасы санаттағы студенттерге, республикалық және халықаралық пән (білім) олимпиадаларында және халықаралық білім сайыстарында жүлделі орын алған студенттерге үлестіруге шешім қабылданды.
Бұдан әрі мәжілісте күн тәртібіндегі осы және өзге де маңызды мәселелер талқыланып, ортақ шешімдер қабылданды.