❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТ ҰЖЫМЫ ҚР ОРТАЛЫҚ САЙЛАУ КОМИССИЯСЫНЫҢ МАРАПАТЫНА ИЕ БОЛДЫ

  • 22.08.2025
  • KZ
  • 372

image

Университетімізге Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров арнайы келді. 

Құрметті қонақ ең алдымен, оқу ордамызда өткен «Түркі әлемі: Сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы аясында  ашылған ТМҰ мүше мемлекеттердің орталық сайлау органдарының консультативтік платформасының аллеясын аралады. Әрі, мамыр айында өзі еккен ағаштарға ректор Жанар Темірбековамен бірге су құйды. ТМҰ мүше мемлекеттердің өзара татулығы мен ынтымақтастығын бейнелеген аллеяның маңызын тағы да тілге тиек етті.

Келесі кезекте, Нұрлан Әбдіров оқу орда басшыларымен арнайы кездесті. «Түркі әлемі: Сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының жоғары деңгейде өткенін атап, еңбек сіңірген қызметкерлерге алғысын білдірді. 

Айта кетейік,  Түркістандағы Ахмет Ясауи университетінің қабырғасында мамыр айында өткен айтулы іс-шараны Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп ұйымдастырды. Халықаралық деңгейдегі конференцияға Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан және Мажарстан елдерінің орталық сайлау органдары, сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымы, A-WEB, ТүркПА, Түркі академиясы сияқты беделді халықаралық ұйымдар қатысқан еді. Кейіннен бұл халықаралық шараның маңызы мен нәтижесі Будапешт қаласында мемлекет басшылары қатысқан Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде жоғары бағаланды.

Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Жаңа оқу жылы басталар тұста оқу ордамызға жақсы қонақ келіп, қуанып, жұмысқа деген құлшыныс арта түсетіні рас. Сондықтан, бүгін оқу ордамызға аранайы келіп, өзінің игі тілегін жеткізгісі келген Нұрлан Әбдіровке алғыс білдіремін. Бұл – оқу ордамызға деген құрмет, мәртебе деп білемін!»,-деді.

Ал,Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров: «Елімізде  «Халықаралық» статусына ие университеттер көп емес. Соның ішіндегі Ясауи университетінің орны ерекше. Бүгінгі таңда атына заты сай жоғары оқу орынға айналды. Осы жерде өткен «Түркі әлемі: Сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та оң бағасын берді. Үлкен шаңырақта өткен айтулы іс-шара университет пен Орталық сайлау комиссиясының абыройын ғана емес, ең бірінші қазақ елінің абыройын асқақтатты! Тарихта Түркісттанның аты қалды. Әр мемелекеттен келген өкілдер жиыннан үлкен әсер алғандарын жасырмады»,-деді.

Сондай-ақ, халықаралық конференцияның алдына қойған мақсатына жетуіне, түркі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастық көпірін нығайтуға атсалысқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, университетіміздің Өкілетті Кеңес мүшесі Дархан Қыдырәліге және өзге де тұлғаларға алғысын айтты. Олардың қатарында қазақстандық жоғары оқу орындарының басшылары да бар, атап айтар болсақ – Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық Зерттеу университетінің ректоры Нұрлан Дулатбеков, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан зерттеу университетінің ректоры Дархан Ахмед-Заки, М.Х. Дулати атындағы Тараз университетінің ректоры Мұхтар Байжұманов, Халықаралық туризм және меймандостық университетінің ректоры Әлібек Шоқпаров, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ректоры Бейбіткүл Кәрімова.

Әсіресе, Дархан Қыдырәлінің Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан елдерінің белді ғалымдарын конференцияға шақырғанын айтты. Оның ғалымдар туралы берген ақпараты мен ұсыныстары қаншалықты маңызға ие болғанын тілге тиек етті. 

Басқосуда Нұрлан Әбдіров ректор Жанар Темірбекованы Орталық сайлау комиссиясының ең жоғары марапаты – «Сайлау органдарының жүйесін дамытуға қосқан үлесі үшін» арнайы медалімен марапаттады.

Сонымен қатар, оқу орда қызметкерлеріне «ҚР-ның Сайлау жүйесін дамытуға және сайлау саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруға қосқан үлесі үшін» арнайы Алғыс хатын табыстады. 

Кездесуге қатысушылар сүбелі сұхбат құрып, өткен іс-шараның маңызды сәттерін сөз еткен жиын соңында естелікке суретке түсті.