«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ» ЛАБОРАТОРИЯСЫ АШЫЛДЫ

Айтулы лабораториялық кабинеттің лентасын Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек пен ректор Жанар Темірбекова және ректор өкілі м.а, әрі Инженерия факультетінің деканы Нажи Генч қиды.
«Құрметті оқытушы-профессорлар мен студенттер, жаңа лабораторияның ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Күні кеше ғана Президент Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа жолдауында Жасанды интеллектке көп көңіл бөлу мен білім беру жүйесінде тереңінен пайдалану туралы айтқан еді.Міне,осынау маңызды істі Ясауи университеті де өз қолына алды. Бұл жолда Түркия Республикасы осы лабораторияларды жасап беру арқылы, кішігірм қолдау көрсетті деуге болады. Кабинеттің ашылуына өз үлесін қосқан барша әріптестерге алғыс білдіремін!»,-деді Өкілетті Кеңес төрағасы.
Ректор Жанар Темірбекова: «Мемлекет басшысы шынында да Инженерия мамандықтарына баса назар аударуда. Соның негізінде Жасанды интеллектке бағытталған ұлттық жобалар бастау алды. Біздің оқу ордамызда осы жобалар сынды білім беру ісіне қатысты барлық жобаларға қатысып, белсенді жұмыс атқарып келеді. Студенттердің игілігіне жарайтын, білімді жастарды дайындайтын орын болсын деп тілеймін»,-деді.
Келесі кезекте, «Инженерия факультетінің атынан лабораторияның ашылуы үшін көмек көрсеткен басшыларымызға ризашылығымды білдіремін. Бұл жерде студенттеріміз жаңа ғылыми жобалар дайындау арқылы оқу ордамыздың қарыштап дамуына үлес қосатынына сенемін!»,-деді ректор өкілі м.а. Нажи Генч.
2025-2026 оқу жылында Компьютерлік инженерия кафедрасында «Жасанды интеллект және деректерді талдау» білім беру бағдарламасы ашылды. Жаңа пән арқылы білімгерлер мамандықтарын тереңінен меңгеріп, жаңа зерттеулер бастай алады.
Айта кетейік, Жасанды интеллект лабораториясында студенттер кескінді цифрлық өңдеу, жасанды интеллект, машиналық оқыту сынды өзге де бағыттарда зерттеу жұмыстарын жүргізеді.
Кафедра оқытушыларының айтуынша, студенттер жаңа лабораторияда жасанды интеллектпен байланысқан қосымшаларды ойлап табудан бастап, жүзеге асыру процестеріне дейін орындауға мүмкіндік алады. Бұл жұмысты үлкен қызығушылықпен бастап кеткен студенттер де бар. Олар 4-курс студенттері – Ислам Абдулахадов пен Миләз Хинизов. Студенттердің «YasawiGPT» аттыжобалары жасанды интеллектпен тікелей байланысты бағдарлама. «ChatGPT» сынды мүмкіндіктерге ие, түбірімен өздері жасап шығарған тың жоба. Бір өзгешелігі «YasawiGPT» қазақ тілді бағдарлама. Өзіне қойылған сауалдарға қазақ тілінде жауап береді. Қазіргі таңда студенттер бағдарламаны одан әрі қарай жетілдіруді жоспарлап отыр.
Айта кетейік, биыл Ахмет Ясауи университетінің Инженерия факультетінде жасанды интеллектке бағытталған 2 жоба қаржыландыруға ие болды. Оның бірі – мемлекеттік гранттық қаржыландыру аясында, екіншісі – бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру негізінде жүзеге асырылады. Екі жобаның жалпы бюджеті 400 млн теңгені құрайды.