❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

YASAWI FM ДИДЖИТАЛ-РАДИОСЫ – РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУДЫҢ ЖЕҢІМПАЗЫ

  • 29.09.2025
  • KZ
  • 218

image

Оқу орнымыздың Yasawi FM диджитал-радиосы республикалық байқаудың жүлдегері атанды. Радиостудия жетекшісі Роман Бұрқаш дайындаған сұхбат Жұмысшы мамандықтар жылына арналған республикалық конкурста жүлделі ІІ орынға ие болды.

Астана қаласында «Еңбек адамы – Ел мақтанышы» атты республикалық форум өтті. Форум жұмысына ҚР Премьер-министрі Олжас Бектенов қатысты. Іс-шара аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған Жұмысшы мамандықтар жылына арналған конкурстың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.

Байқау «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының бастамасымен, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі мен ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылды.

Байқаудың басты мақсаты – қоғамда жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтеру, еңбекқорлық пен кәсібилік құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ адал еңбегімен елге үлгі болған азаматтардың шынайы өмірлік оқиғаларын кеңінен насихаттау.

Yasawi FM диджитал-радиосы «Еңбек адамымен сұхбат» атты Үздік радио сұхбат номинациясы бойынша өтінім білдірді. Студия жетекшісі Роман Бұрқаш оқу орнымызда 32 жылдан бері техник-байланысшы болып қызмет атқарып келе жатқан Қайрат Әзімбековпен сұхбат құрды. Жастарға тұрақтылық пен кәсібиліктің үлгісі болып келе жатқан кейіпкеріміз сұхбат барысында жеке өмірі мен еңбек жолындағы тәжірибелерімен бөлісті.

Бұл сұхбат қазылар алқасының жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде университетіміздің диджитал-радиосы өз тарихында алғаш рет маңызды марапатқа ие болды. Qazaq radiosy мен «Jibek Joly» радиосы сынды республикалық деңгейдегі медиа ұйымдардың ортасынан көрінуі – университет радиосы үшін үлкен жетістік екенін атап өткеніміз жөн.