ҚР ҰЛТТЫҚ ИНЖЕНЕРЛІК АКАДЕМИЯСЫНЫҢ КЕҢЕЙТІЛГЕН КӨШПЕЛІ ТӨРАЛҚА ОТЫРЫСЫ ӨТТІ

Жиынға Ұлттық инженерлік академияның Оңтүстік аймақтағы филиалының мүшелері мен ЖОО-ның вице-ректорлары, қаламыздағы колледж директорлары, сондай-ақ оқытушы-профессорлар, магистранттар мен докторанттар қатысты.
Айта кетейік, Ұлттық инженерлік академия – еліміздегі ең ірі және ықпалды қоғамдық ғылыми-инженерлік бірлестік. Академияда білікті ғалымдар мен ғылыми-зерттеу институттары, жоғары оқу орындар, акционерлік қоғамдар және өзге де мекемелер шоғырланған.
Басқосуда сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова академияның елеулі еңбектері жөнінде сөз қозғап, көшпелі отырыстың оқу ордамызда өтіп жатқанына қуанышты екенін жеткізді.
Отырыс модераторы – ҚР ҰИА президенті, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Бақытжан Жұмағұлов болды. Ол бүгінгі көшпелі отырыста тың идеялар мен маңызды шешімдер шығарылатынына сенім білдірді.
Іс-шарада Бақытжан Жұмағұлов ректор Жанар Темірбекованы ҚР Ұлттық инженерлік академиясының дамуына қосқан үлесі үшін «ҚР Ұлттық инженерлік академиясының» медалімен арнайы марапаттады.
Жиын барысында Қазақстан Ректорлар одағы кеңесінің меңгерушісі Динар Нүкетаева «Экономика, ғылым және қоғам үшін күшті университеттер құрудың маңыздылығы» тақырыбында баяндама оқыды.
Сонымен қатар, ҚР ҰИА вице-президенті, Түркістан филиалының төрағасы Әлімжан Құртаев Оңтүстік аймақтағы өндіріс орындарының қалдықтарын игеру мәселелерін шешу туралы кеңінен айтты. Ал, ҚР ҰҒА Төралқасының Бас Ғылыми хатшысы, техника ғылымдарының кандидаты Жеңісгүл Бағашарова «Еңбек адамы – 2025» атты маңызды баяндамасы арқылы тың ойларын ортаға салды.
Басқосу соңында пікірталас алаңы ұйымдастырылды.