❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«СТУДЕНТТІК СПОРТ — ЖАҢА МҮМКІНДІКТЕР АЛАҢЫ» АТТЫ СПОРТ ЖӘРМЕҢКЕСІ ӨТТІ

  • 29.09.2025
  • KZ
  • 95

image

Университетімізде «Студенттік спорт – жаңа мүмкіндіктер алаңы» атты Cпорт факультетінің білім беру бағдарламалары мен спорттық үйірмелер жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкені Спорт-сауықтыру орталығы және Спорт факультеті бірлесіп өткізді.

Іс-шараның негізгі мақсаты – спорттық үйірмелер арқылы студенттердің әлеуметтік белсенділігін арттыру, олардың спортқа деген қызығушылығын ояту және салауатты өмір салтын қалыптастыруға жағдай жасау.

Жиынды ашып беру үшін сөз бастаған Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов: “«Спорт - жастар үшін мүмкіндіктер алаңы. Оқу ордамыз тек білім жағынан емес, спорт саласының даму қарқыны арқылы да танымал. Мысалы, университетіміздің спортшы студенттері ЖОО-ның XIII Жазғы универсиадасында 1-орынға ие болған еді. Бүгінгі спорттық жәрмеңке арқылы спортшыларымыз бен жаттықтырушыларының, оқытушылардың еңбегін танытуды мақсат еттік. Университетімізден еліміздің көк туын желбіретіп, атын асқақтатын спорт саңлақтары шыға берсін деп тілейміз!»,-деді.

Спорттық іс-шараның ашылу салтанатында студенттер өз өнерлерін ортаға салды. Бишілер мың бұрала билесе, талантты жастар рухты әндер шырқады. Сондай-ақ, Өнер, медиа және дизайн факультетінің 1-курс студенті Шахмардан Бекарысұлы арнау өлең жолдарын оқыды.

Жәрмеңкеге қатысушылар «Дене шынықтыру және спорт», «Бастапқы әскери дайындық», «Дене шынықтыру және бастапқы әскери дайындық» білім беру бағдарламаларымен танысып, Спорт-сауықтыру орталығының үйірмелеріндегі мүмкіндіктер туралы ақпарат алды. 

Жәрмеңкеге жалпы саны - 10 спорттық үйірме(бокс, волейбол, баскетбол және т.б) мен 3 білім беру бағдарламасы қатысты. Спортшы білімгерлер ұлттық спорт түрлерінен, атап айтқанда садақ атудан бастап, қол күресі, қазақша күрес ойындарын көрсетті. 

Сондай-ақ, жәрмеңкеде жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу, дене дайындығы мен әскери-қорғаныс қабілеттерін жетілдіру бағытындағы бастамалар да кеңінен таныстырылды. Студенттер әскери қызметке және азаматтық қорғанысқа дайындықтың маңызына назар аударып, төзімді әрі отансүйгіш тұлға қалыптастыруға арналған жұмыстармен танысты.

Студенттер спорттық мәдениетті дамыту мен денсаулықты нығайтудың, шеберлікті жетілдірудің және спорт арқылы қоғамдық өмірге белсенді араласудың жолдарын білді.