ХI ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТҮРКОЛОГИЯ КОНГРЕСІ БАСТАЛДЫ

Конгресс ұйымдастырушыларының қатарында оқу ордамыз бен Хажеттепе университеті, Селчүк университеті, Анкара Қажы Байрам вели университеті, Мұхтар Әуезов Әдебиет және Өнер институты, Әлішер Науаи атындағы Мемлекеттік Әдебиет музейі, Әзербайжан Ұлттық Ғылым Академиясы да бар.
Айтулы жиынға Қазақстан, Ресей, Түркия, Қарақалпақстан, Қырғызстан, Башқұртстан, Азербайжан, Қытай, Өзбекстан, Татарстан мемлекеттерінен онлайн және оффлайн форматта 500-ге жуық ғалым қатысып жатыр.
Басты мақсат – түркология ғылымының қазіргі заманғы даму сипаты және оның өзекті тұғырнамалары бойынша пікір алмасу. Осы арқылы түркологияның заманауи тенденцияларын анықтай отырып, оның дамуына ықпал ету.Түркологиялық зерттеулерді тұтастай жинақтай отырып, олардың теориялық, әдістемелік және практикалық мәнін саралау барысында оқу үдерісіндегі маңызын қарастыру.
Жиынның ашылу салтанатында ZOOM желісі арқылы онлайн байланысқа шыққан Өкілетті Кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек сөз бастады.
«Құрметті ғалымдар мен оқытушы-профессорлар, студенттер, сіздерді оқу ордамыздың төрінде, түркі әлемінің рухани астанасы Түркістанда көргеніме қуаныштымын! Түркістан – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың рухани мұрасы қалған, күллі түркі жұрты құрмет көрсеткен киелі жер екенін білеміз. Ал, дәл осы қаладағы Ясауи бабамыздың атын алған оқу ордамыздың да орны туралы атап өтпесек болмайды.Себебі, бұл университетте 40 мемлекеттен келген түркі жастары білім алады.
Бүгін университетімізде дәстүрлі түрде өтетін Түркология конгресі бастау алды. Конгресс аясында 30-дан астам белгілі ғалым, 120 баяндама оқиды. Үш күнге жалғасатын айтулы халықаралық іс-шарада сіздермен басқосу – үлкен мәртебе! Конгреске қатысушыларға сәттілік тілеймін. Түркология ғылымына қатысты тың идеялар мен маңызды шешімдер шығарылатын, берері мол жиын өтеді деп сенемін»,-деді.
Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Ең алдымен, киелі өңірімізге, Қожа Ахмет Ясауи университетіне қош келдіңіздер! Түркі мемлекеттерінен келген студенттердің басын қосқан оқу ордамызда халықаралық Түркология конгресін өткізіп жатқанымызға қуаныштымын. 100 мыңға жуық түлегіміз бүгінгі таңда түркі елдерінде, әлемнің түкпір-түкпірінде түрлі салада қызмет етуде. Түркология конгресі – оқу ордамыздың түлектері мен студенттеріне берген білімі мен алға қойған үлкен мақсаттарының бір көрінісі.
Түркология ғылымы маңызы жоғары салалардың бірі. Сондықтан, конгресті өткізуге атсалысқан барша әріптестерімізге, Түркология ғылыми-зерттеу институтына алғыс білдіремін!»,-деді.
«Түркология конгресі – тек академиялық шара ғана емес, түркі дүниесінен келген ғалымдарды ортақ ой аясында тоғыстарын маңызды алаң. Түркі дүниесінің ортақ жады мен болашаққа деген көзқарасы осындай ғылыми басқосулар арқылы арықарай беки түседі. Бүгін осы жерде ортақ мақсат жолында жүрген ғалымдардың кездесуі осы мұраттың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді»,-деді Ғылым және стратегиялық даму вице-ректоры Айнаш Ошибаева.
Сондай-ақ, жиында Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор Шәкір Ибраев Түркология конгресінің тарихы мен маңызы туралы тереңінен баяндады.
Ашылу салтанаты одан әрі Пленарлық отырыспен жалғасты.
Айта кетейік, конгресс жұмысы «Түркі тілі және әдебиеті», «Түркі мәдениеті және өнері», «Түркі тарихы және әлеуметтік-мәдени құрылымдар», «Түркі дүниесі және халықаралық қатынастар», «Түркі тілдерін оқыту және тіл саясаты», «Түркі дүниесіндегі қазіргі әлеуметтік-саяси және экономикалық дамулар» тақырыптары аясында жүреді. Сонымен қатар, 24-секциялық отырыс өтіп, ғалымдар түркология саласына қатысты ой-пікірлерін түрлі тақырыпта ортаға салады.