ҒҰМЫРЫН ҒЫЛЫМҒА АРНАҒАН ҒАЛЫМ ШӘКІР ИБРАЕВ – 75 ЖАСТА!

Шәкір Ибраев – «Парасат» орденінің иегері, Түркология ғылыми-зерттеу институтының директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор. Түркітану ғылымына ерен еңбегі сіңген, классикалық академиялық мектептен өткен белгілі тұлға.
Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін баршамыз Шәкір Ибраевтың 75 жас мерейтойын бірге атап өткелі отырмыз. Мұның белгілі бір себептері бар. Атап айтқанда, Шәкір Ибраев осыдан 22 жыл бұрын осы конгрестің өтуіне және қазақ, түрік, орыс, ағылшын тілдерінде жарық көретін «Түркология» журналының ашылуына мұрындық болған еді. Содан бері бұл конгресс тұрақты түрде өткізіліп келе жатыр. Бұл жиынның әлемдік түркология ғылымының дамуына белгілі бір дәрежеде ықпалы бар деген ойдамыз»,-деді.
Жанар Темірбекова Шәкір Ибраевтың ғылым жолындағы ерен еңбегі үшін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ғылымды дамытуға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталғанын хабарлады. Профессорды арнайы құттықтап, төсбелгіні мақтанышпен тақты.
Салтанатты жиын ғалымның жаңа кітаптарының тұсаукесер рәсімімен жалғасты. Бұл жиынға еліміз бен шетелдің белгілі ғалымдары Шерубай Құрманбайұлы, Кенжехан Матыжанов, Абдылдажан Акматалиев, Өзкул Чобаноғлу, Хамидолла Дадабаев сынды өзге де профессорлар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
Ең алдымен, Шәкір Ибраевтың ғылым саласында жазған шығармаларының жинағы таныстырылды. Айта кетейік, бұл жинақ университетіміздің «Тұран» баспасында жарық көрді. Жинақ – «Эпос әлемі», «Қазақтың ғұрыптық фольклоры», «Қазақ фольклоры», «Түркология және қазақ руханияты», «Абай феномені», «Абайдың ақындық бейнесі», «От фольклористики до тюркологии» атты 7 томнан тұрады.
Келесі кезекте, Мұхтар Әуезов атындағы Әдебиет және Өнер институтының ұжымы тарапынан даярланған «Іргелі ғылымды ту еткен ғалым» атты кітаптың тұсаукесері өтті. Сахнада институттың Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, профессор ҰҒА-ның академигі Матыжан Кенжехан Шәкір Ибраевты мерейтойымен құттықтап, ақ тілегін арнады.
Сонымен қатар, Шәкір Ибраевтың «Қазақтың салттық фольклоры» кітабының қырғыз тіліндегі аудармасын Қырғызстан Ғылым Академиясының академигі, Манас атындағы Әдебиет және Тіл институтының Бас директоры Абдылдажан Акматалиев таныстырды. Ал, ғалымның «Kazak rituel folkloru» атты кітабының түрік тіліндегі басылымы жайлы профессор Өзкул Чобаноғлу баяндады.
Сонымен қатар, Шәкір Ибраевтың зерттеулері туралы жазылған «Руханият тамыршысы» кітабы көпке ұсынылды. Бұл еңбектің авторлары: филолгия ғылымдарының докторы, профессор Берік Рахимов пен студент Аружан Сағындықова және филология ғылымдарының кандидаты Амангелді Мамыт өз ойларын ортаға салып, Шәкір Ибраевтың ғалым ретінде еңбегі жөнінде сөз қозғады.
Шәкір Ибраевтың Мәскеу қаласында орыс тілінде жазған кітабының «Oğuz Kahramanlık Destanının Poetikası» атты түрік тіліндегі аудармасы таныстырылды. Айтулы кітапты профессор, доктор Бүлент Байрам мен доктор Мадина Молдашеева және Түркология ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары доктор Халил Четин дайындады.
Осылайша түркітану ғылымының дамуына елеулі еңбек сіңірген ғалым Шәкір Ибраевтың өзі жазған және өзі туралы жазылған еңбектердің лентасы салтанатты түрде қиылды.
Конференцияның негізгі бөлімінде ғалымдар Шәкір Ибраев пен түркология жайлы маңызды баяндамалар оқыды.
Жиын соңында саналы ғұмырын тек қазақ жұртының ғана емес, түркі әлемінің тарихына, әдебиетіне арнаған Шәкір Ибраевқа көпшілік қауым құрмет көрсетті. Ғалымның иығына шапан жауып, 75 жас мерейтойымен құттықтады.