УНИВЕРСИТЕТ РЕКТОРЫ ХАЛЫҚ АЛДЫНДА ЕСЕП БЕРДІ

Іс-шараға Түркістан облысының құрметті азаматтары, облыс және қала әкімдігінің өкілдері, қоғам белсенділері, облыстық мәслихат депутаттары, облыстық Ақсақалдар кеңесінің мүшелері, БАҚ өкілдері, университет ұжымы мен студенттер қатысты.
Айтулы кеште сөз бастаған университет ректоры Жанар Темірбекова: «2024–2025 оқу жылында университетіміз ұлттық және халықаралық деңгейдегі беделін нығайтып, жетекші жоғары оқу орындарының қатарынан көрінді.
Білім ордамызға 2025–2026 оқу жылына бакалавриат, магистратура, докторантура және резидентура бағдарламалары бойынша 2874 студент қабылданды. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 16,3%-ға артық. Бүгінде университетте 175 білім беру бағдарламасы бойынша мамандар даярланып жатыр.
Сондай-ақ, QS World University Rankings 2025 нәтижесінде университетіміз 761–770 аралығында, ал Asia University Rankings тізімінде 193-орында орналасқан. Сондай-ақ, Орталық Азия университеттері арасында 9-орынға тұрақтады. Университетіміз QS Subject Rankings, QS Sustainability Rankings және Times Higher Education Impact Rankings рейтингтерінде де өз позициясын едәуір жақсартты.
Бұл көрсеткіштер – біздің академиялық сапамыз бен халықаралық беделіміздің жүйелі түрде артып келе жатқанын айғақтайды»,-деді.
Бұдан бөлек, шара барысында ректор Жанар Темірбекова университеттің академиялық, ғылыми-зерттеушілік, халықаралық қатынастар, әлеуметтік-мәдени даму, шаруашылық және т.б. салалар бойынша атқарылған жұмыстардың жалпы есебін ұсынды.
Ауқымды істерді Түркістан облысының ақсақалдары мен оқу орданың ардагер ұстаздары, қоғам қайраткерлері жақсы бағалап, университеттің одан әрі қарыштап дамуын тілеп, ақ батасын берді.
2024-2025 оқу жылындағы ауқымды істерді Түркістан облысының ақсақалдары мен оқу орданың ардагер ұстаздары, қоғам қайраткерлері жақсы бағалап, университеттің одан әрі қарыштап дамуын тілеп, ақ батасын берді.
Іс-шара барысында Жанар Темірбекова «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық Кеңесінің Түркістан облысында өткен іс-шарасын өткізуге белсене атсалысқаны үшін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің Орталық Кеңесінің төрағасы Бақытқожа Ізмұхамбетовтың арнайы Алғыс Хатына ие болды.
Сондай-ақ, ректорымыз Кентау қаласының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында Қаланың өркендеуіне қосқан үлесі үшін «Кентау қаласына - 70 жыл» арнайы төсбелгімен марапатталды. Кентау қаласының әкімі Жандос Тасовтың ізгі тілегін Кентау кампусының директоры, Кентау қалалық Мәслихатының депутаты Камалбек Беркімбаев жеткізді.
Осылайша, есеп беру жиыны университеттің білім мен ғылым саласындағы тұрақты дамуын айқындап, алдағы кезеңге арналған басым бағыттар мен стратегиялық міндеттерді нақтылады.
РЕКТОР ЖАНАР ТЕМІРБЕКОВАНЫІ ЖЫЛДЫҚ ЕСЕБІНІҢ ҚЫСҚАША МАЗМҰНЫН НАЗАРЛАРЫҢЫЗҒА ҰСЫНАМЫЗ:
2025 жылғы университет үшін маңызды шешімдердің бірі – жаңа факультеттердің ашылуы. Конституцияның 30 жылдығына орай «Заң» факультеті, ал шығармашылық бағытты дамыту мақсатында «Өнер, медиа және дизайн» факультеті ашылды.
Жасанды интеллект пен цифрлық даму – басым бағытта
Жасанды интеллект пен цифрлық даму – басым бағытта. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асқан «AI-SANA» ұлттық жобасы аясында университет тірек жоғары оқу орындарының бірі болып танылды. Осы бағдарлама шеңберінде 9161 студент пен оқытушы жасанды интеллект негіздері бойынша халықаралық сертификат алды. Сонымен қатар, университет қабырғасында AIJan, I-Talapker, AI-Kitapkhanashy, және Help Desk AI атты төрт цифрлық агент іске қосылды. Бұл жобалар оқу үдерісін жеңілдетіп, қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
Білімнің қайнар көзі – университет кітапханасының жалпы қоры 523 мың данадан асты. Жыл ішінде 7 390 жаңа кітап сатып алынып, кітап қорын толықтыруға 45 миллион 521 мың теңге жұмсалды.Сондай-ақ, электронды кітапхана жүйесінің жұмысы жандана түсті.
Ғылым мен инновация – стратегиялық басымдық
Оқу ордамыз 2024–2025 оқу жылында ғылыми-зерттеу бағыттарын дамытуда да нақты нәтижелерге қол жеткізді.
2024–2025 оқу жылында ғалымдарымыз 1 млрд 229 млн теңге көлеміндегі ғылыми жобаларды жеңіп алды. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,7 есеге артық.
Ғылыми базаны жаңарту мақсатында 2024 жылы университетте 8 жаңа зертхана ашылды. Олардың қатарында «Нанотехнология және энергетикаға арналған жаңа материалдар», «STEM және креативтілік», «Клиникалық диагностика», «Молекулярлық диагностика», «Патоморфология», «Жасуша биологиясы», сондай-ақ «AI Research Lab» жасанды интеллект зертханасы бар. Кентау кампусында да заманауи инженерлік зерттеу орталығы іске қосылып, студенттер мен жас ғалымдарға тәжірибелік зерттеу жұмыстарын жүргізуге кең мүмкіндік жасалды.
Айта кетейік, 2025 жылы университет базасында Big Data және Медициналық биоинформатика зертханасын іске қосу жоспарланып отыр.
Университетіміздің ғалымдары есепті кезең ішінде ауқымды халықаралық жобаны да жеңіп алды. Жалпы бюджеті 4 млрд теңгені құрайтын бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру жобасы «Оңтүстік Қазақстан өңірін тұрақты дамыту үшін инновациялық технологияларды әзірлеу және заманауи инфрақұрылым құру» деп аталады. Жоба зерттеушілері құрамында Қазақстан, Түркия, Германия, Венгрия және басқа да көптеген елдердің жетекші ғалымдары бар. Медицина, биотехнология және экология салаларын қамтитын көпсалалы жоба негізгі тақырып аясындағы салалық зерттеулерге айтарлықтай үлес қосады.
2020–2025 жылдары ғалымдарымыз Scopus және Web of Science базаларында 983 ғылыми мақала жариялаған. Жарияланымдық белсенділік жыл сайын өсіп келеді: 2021 жылы – 105 мақала болса, 2024 жылы – 221 мақала жарияланған. Бұл көрсеткіш бес жыл ішінде екі есеге жуық өсімге жеткенін көрсетеді.
Ғалымдарды ынталандыру мақсатында 2025 жылы ғылыми еңбектері үшін 29,4 миллион теңге көлемінде марапаттау қаражаты бөлінді.
Университетіміз - Түркі әлемінде айшықты орны бар халықаралық білім орда. Осы мәртебесіне сай, оқу ордамызда үздіксіз ғылыми шаралар ұйымдастырылып, жобалар жүзеге асырылады. Нәтижесінде, есептік кезеңде университет қабырғасында 18 халықаралық конференция, 13 республикалық конгресс, 125 ғылыми семинар және 40 дөңгелек үстел өтті. Олардың қатарында: «Түркі әлемі: сайлау жүйелерінің дәстүрі, тәжірибесі және даму болашағы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция, «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» атты II халықаралық симпозиум, Махмұд Қашқари еңбегінің 950 жылдығына арналған «Тіл – ізгіліктің бастауы» көрмесі және т.б. ауқымды шаралар бар.
Мәдениет, спорт және тәрбие саласы – серпінді даму үстінде
2024–2025 оқу жылында студенттердің әлеуметтік белсенділігі мен шығармашылық әлеуетін арттыру бағытында кең көлемді іс-шаралар жүзеге асты. Рухани-адамгершілік, ұлттық-патриоттық, экологиялық және құқықтық тәрбиеге арналған 70-тен астам іс-шара өтті. Мәдени өмір ерекше серпін алып, студенттеріміздің қатысуымен концерттер, көрмелер және театрландырылған қойылымдар сахналанды.
Спорт саласында университет жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Өткен оқу жылында Әлем, Азия чемпионаттары және халықаралық, республикалық жарыстарда 200-ден астам спортшымыз жеңіс тұғырынан көрінді. Ал Қазақстан Республикасы жоғары оқу орындарының XVI жазғы Универсиадасы-2025 жарыстарында спортшы жастарымыз топ жарып, командалық есепте жеңімпаз атанды.
Өткен оқу жылында университет үшін тағы бір атап айтарлық жаңалық – түлектеріміздің бастамасымен «Ясауи Эндаументі» қоғамдық қоры құрылып, білім алушыларды қолдау мен қайырымдылық мәдениетін дамыту ісі жолға қойылды.
Студенттерді әлеуметтік қолдау мәселелері де әрдайым басты назарда. 2024-2025 оқу жылына тұлжетім, жартылай жетім, әлеуметтік жағдайы төмен 45 талапкерге Түркия квотасы берілді. Ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 21 студен жатақхана тегін орналастырылды. Бұдан бөлек, әлеуметтік қолдау қажет студенттерге 2 мезгіл тамақ тегін берілді.
Инфрақұрылым жаңарып, жаңа мүмкіндіктер ашылды
2024–2025 оқу жылында оқу ғимараттары мен жатақханаларды жөндеуге 200 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. №5 жатақхана мен студенттік асхана толық жаңғыртылып, университетке еңбегі сінген тұлғалар атына аудиториялар мен жаңа зертханалық кабинеттер ашылды. Біршама лекция залдар жөндеуден өтіп, жаңа материалдық-техникалық базасы толықтырылды.
Кампус аумағы абаттандырылып, бірнеше жаңа аллеялар ашылды. Сондай-ақ, 360 жаңа моноблок компьютер мен 46 млн теңге көлеміндегі медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды. Бұл жұмыстар оқу процесін заманауи талаптарға сәйкестендіріп, студенттер мен қызметкерлердің қолайлы жағдай жасауға бағытталды.
Ынтымақтастық және халықаралық мүмкіндіктер
Университетіміз 2024 жылы ҚР Ұлттық ғылым академиясымен, Конституциялық Сотпен, Ташкент мемлекеттік транспорт университетімен, сондай-ақ ТҮРКСОЙ және TİKA ұйымдарымен меморандумдарға қол қойды.
Халықаралық оқу ордамыз оқытушы-профессорлар мен студенттердің шетелде тәжірибе алмасып, жаңа білім игеруіне әрдайым жағдай жасайды. Осы мақсатта университетте ұзақ жылдар бойы қызмет етіп келе жатқан 31 оқытушы Түркияның Анкара қаласына іс-тәжірибе алмасу мақсатында барды.
Сондай-ақ, 2024-2025 оқу жылында үздік нәтиже көрсеткен 40 студент «Ясауи Түркология» жазғы мектебі – 2025» аясында Түркиядағы тарихи қалалар мен мекемелерді аралап қайтты.
Қорытындылай келе айтар болсақ, университетіміз 2024–2025 оқу жылында аймақтық және халықаралық деңгейдегі беделін жаңа сатыға көтерді.
Білім, ғылым және инновацияны ұштастыра отырып, университетіміз түркі әлемінің ғылыми және рухани орталығы ретіндегі миссиясын табысты жалғастырып келеді. Оқу ордамыз түркі жұртының зияткерлік әлеуетін біріктіріп, әлемдік деңгейдегі зерттеу университетіне айналуды мақсат етеді.