ОҚУ ОРНЫМЫЗДА ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДАҒЫ АЛҒАШҚЫ COURSERA ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ

  • 01.03.2024
  • KZ

image

Университетімізде өтіп жатқан «Қазақ тілі – ғылым тілі: дәстүр және инновация» симпозиумы аясында Түркістан облысында алғашқы «Turkistan EdTech Lab» Сoursera орталығының ашылу рәсімі өтті.

Орталықтың ашылу салтанатына ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, «Қазақ Тілі» халықаралық қоғамының президенті Рауан Кенжеханұлы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері және оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты.

Университет базасында ашылған жаңа орталықтың мақсаты – Түркістан облысы бойынша Coursera курстарын насихаттап, тарату арқылы әр түрлі сала мамандары үшін біліктілікті арттыру орталығына айналу.

Бұл орталық Ахмет Ясауи университеті мен Қазақстандағы Coursera білім беру платформасының эксклюзивті серіктесі «BMG UpSkill» компаниясымен өзара ынтымақтастық келісімі негізінде құрылды.

Орталықтың ашылу салтанатында сөз бастаған ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек:

«Coursera курстары – өңірлік 25 университеттің 20 000 студентіне қолжетімді. Қазірдің өзінде платформада қазақ және орыс тілдерінде 50-ден астам курстар бар. Бағдарлама қазақ тіліне локализацияланған 600 курсқа дейін кеңейтілуде. Алдағы үш жылда 100 000 қазақстандық студент пен қолданушы Coursera платформасын қолдана алады деп күтілуде», — деді.

Ал, орталықты таныстырған Рауан Кенжеханұлы орталықтың міндеті жаңа цифрлық технологияларды қолдану арқылы сапалы білім беруді арттыру екенін айтты. Әрі университеттің оқытушы-профессорлар құрамы және студенттері үшін білім мен дағдылардың қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін тілге тиек етті.
Айта кетейік, Coursera платформасын пайдаланушылар үшін қазақ тілінде жаңа дағдылар мен білімдердің қолжетімді болуын қамтамасыз ету мақсатында университетіміз бен халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы арасында өзара серіктестік орнатылды.

Қазіргі таңда орталықта 360 оқытушы әр сала бойынша, жалпы саны – 650 курсқа қатысып, біліктілігін арттыруда.