«ТҮРКІ ТАРЛАНЫ МЕН БЕГІМ СҰЛУЫ — 2024» БАЙҚАУЫ ӨТТІ

  • 07.03.2024
  • KZ

image

Университетімізде «Түркі Тарланы мен Бегім сұлуы — 2024» байқауы өтті. Оқу ордамыздың өнерлі қыз-жігіттерінің басын қосқан дәстүрлі дода екінші рет ұйымдастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – терең тарихтың қойнауында жатқан болмысымызға бойлап, түркілердің түп тамырындағы дәстүрді заманауи бояумен ұштастыру.

Байқауда университетіміздің студенттері арасынан іріктелген 15 қыз бен 14 жігіт бақ сынады.

Қыз-жігіттер өнеріне баға берген әділ қазылар қатарында: Қазақстан Республикасының Мәдениет қайреткері, композитор Әлімбай Ботақараев; «ALTYN MODELS» Модельдік агенттігі негізін қалаушы, «MISS TURKESTAN» ұлттық сұлулық байқауының директоры Зарина Рафаэльевна; Республикалық, халықаралық конкурстардың лауреаты, Қазақстан Республикасының мәдениет үздігі Мақсат Айтжанов; Қазақстан Республикасының Мәдениет қайреткері Айболат Жолдыбаевич; университетіміздің «Жастар саясаты» департаментінің директоры Аружан Меллатханқызы; Академиялық департамент директор орынбасары Мурат Келеш болды.

Кешті ашып беру үшін сөз тізгінін алған университетіміздің ректоры Жанар Темірбекова барша қатысушы жастарға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, байқаудың өтуіне демеушілік жасаған тұлғалар мен мекемелерді алғыс хаттармен марапаттады.

Қатысушылар үш кезең бойынша сынға түсті: Дефиле, Сұрақ-жауап, Шығармашылық сайыс.

Сайыс нәтижесі бойынша университетіміздің Түркі тарланы — «Спорт және өнер» факультетінің студенті Еділхан Нұрғазы атанды. Ал Бегім сұлу атағы — «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» факультетінің студенті Көркем Әбдіғалиге бұйырды. Бас жүлде иелеріне арнайы тапсырыспен жасалған «Бегім сұлу» тәжі мен Алмас қылыш табысталды. Гран-при иегерлеріне Түркия Республикасына жаз оқуына жолдама берілді.

Байқауда I орынды Захиджанов Мухаммедясин мен Ақерке Пірәлі жеңіп алса, II орынды Тайбек Шерхан мен Ақмарал Шадай иемденді. III орын Эйб Эйбов пен Ұлмира Ізбасарға бұйырды. Жеңімпаздарға қомақты қаржылай сыйлықтар мен Өзбекстан мен Грузия елдеріне жолдама табысталды.

Өзге де өнерлі қатысушыларға «Білекті батыр мен Сұлу сымбат», «Білімді Бекзад пен Білімді Ару», «Үздік дефиле»,«Көрермен көзайымы», «Өнерлі Өрен мен Жарық жұлдыз», «Ұлт ұланы мен Ұлт ажары» сынды номинациялар табысталды. Барлық қатысушылар бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттарға ие болды.

Жарыс соңында жиынның құрметті қонағы Әбілхайыр Жексен әннен шашу шашты. Ол жиылған көрермен қауымға керемет көңіл күй сыйлап, кештің көркін кіргізді.
Оқу ордамыздың білімі мен өнері, көркем мінезі мен таланты асқан қыз-жігіттерінің сыны жоғары деңгейде өтті.