ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ӘЙЕЛДЕР КҮНІ ТОЙЛАНДЫ

  • 07.03.2024
  • KZ

image

Бүгін университетімізде жылдағы дәстүр бойынша «8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне» орай мерекелік кеш өтті.

Салтанатты жиын шымылдығы университетіміздің ректоры Жанар Темірбекованың құттықтау тілегімен түрілді.
«Құрметті аналар, ұстаздар мен әріптестер, студенттер бүгінгі мерекелеріңіз құтты болсын! Өздеріңіз білетіндей, 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесінің терең тарихы бар. Дүниежүзінде ерекше леппен аталып өтеді. Оның себебі, көптеген ғасырлар бойы әйелдер жолында түрлі себептермен қоғамдық, саяси өмірдегі, тіпті жоғары білім алу бойынша кедергілер кездескен. Батыл да қайсар әйелдердің өмірге белсенді араласуының арқасында әйелдер өз құқықтарына қол жеткізді. Бұл құқықтардың қатарында ең маңыздысы – жоғары білімге ие болу. Сондықтан біз бұл күнді үлкен мән-мағынамен, ерекше атап өтеміз!

Сонымен қатар, бұл күні аналарымызға ерекше құрмет көрсетіп, сый-сияпат жасаймыз. Себебі, бұл өмірде әйелсіз, анасыз ешбір тіршілік жанданбайды. Аналарымыз бен әжелерімізге, жалпы әйелдер қауымына алғыс білдіреміз! Университетімзідің гүлденуіне, өсіп-өркендеуіне үлкен үлес қосып жүрген барша әйелдерге ризашылығымызды білдіреміз!», — деді Жанар Темірбекова.

Келесі кезекте, ректор өкілі Пейами Баттал да «Халықаралық әйелдер күні» мерекесімен баршаны құттықтап, ыстық лебізін білдірді.

Кеш оқу ордамызда еңбек етіп келе жатқан нәзік жандарды арнайы алғыс хаттармен марапаттау рәсімімен жалғасты.

Залға жиналған әсем аруларға ғалымдарымыздың университетіміздің ботаникалық бағында өсірген көздің жауын алатын, түрлі-түсті қызғалдақтар табысталды.

Концерттік бағдарламамен ұласқан шарада әсем әндер айтылып, талантты жастар өнерлерін ортаға салды. Университетіміздің оқытушы-профессорлары да ән шырқап, кештің сәнін кіргізді. Аяулы аналар мен сұлу қыздардың құрметіне сахна төрінде мың бұралған бишілер «16 қыз» биін биледі.

Көңілді кеш соңында «Ана туралы жыр» әнін өнерпаздар мен жиылған көпшілік көрермен қосыла шырқады.