❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ АСЫҚ АТУДАН АЗИЯ ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

  • 08.11.2025
  • KZ
  • 76

image

Бүгін халықаралық университетімізде ұлттық спорттың мәртебесін көтеретін айтулы шара – ересектер арасындағы Асық ату бойынша Азия чемпионатының ашылу салтанаты өтті.

Жарыстың басты мақсаты – дәстүрлі ұлттық спорт түрлерін дамыту, жастар арасында асық ату ойынын кеңінен насихаттау және халықаралық деңгейде беделін арттыру болып табылады.

Байрақты бәсеке ҚР Туризм және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қоры мен «СпортҚорының» демеушілігімен ұйымдастырылуда. Чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті зор қолдау көрсетіп отыр.

Оқу орнымыз ұлттық рухты дәріптеу мен жастар арасында дәстүрлі спорт түрлерін дамыту ісінде әрдайым алдыңғы қатарда. Университет ұжымы ұлттық спортты жаңғырту арқылы ұлт бірлігі мен рухани жаңғыру идеяларын жүзеге асырып келеді.

Биылғы чемпионатқа Азия құрлығы мен іргелес өңірлерден келген 12 елдің ұлттық құрамалары қатысуда. Олар: Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Моңғолия, Ресей Федерациясы (Саха Республикасы), Қытай, Үндістан, Пәкістан және Әзірбайжан елдері.

Чемпионаттың ашылу салтанатында сөз сөйлеген университет ректоры, әрі Түркістан облысы бойынша Асық ату федерациясының президенті Жанар Темірбекова қатысушыларды құттықтап, ұлттық ойынның мәдени және рухани маңыздылығына тоқталды.

«Азия – адамзат өркениетінің алтын бесігі, мыңдаған жылдық тарих пен бай мәдени-рухани мұраны сақтап келе жатқан ұлы құрлық. Бұл – ортақ құндылықтар мен тамыры терең мәдениеттің символы.

Күні кеше біздің университетіміз халықаралық QS рейтингінде Азия университеттері арасында 9 позицияға жоғарылап, жаңа биіктерді бағындырды. Ал дәл қазір осы Азия құрлығындағы озық жоғары оқу орындарының бірі өз қабырғасында Асық ату бойынша Азия чемпионатын өткізіп жатқаны – зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік.

Асық – халқымыздың тарихымен біте қайнасқан, ұлттық болмысымыздың айнасы. Басқа спорт түрлерінің орны бір бөлек болса, асық атудың орны – ерекше. Бұл ойын тек мергендік пен ептілікті ғана емес, тәртіп пен әділдікті, достық пен татулықты дәріптейді. Бүгінгі додаға қатысып жатқан барлық спортшыларға сәттілік тілеймін!

Адалдық пен әділдікті ту еткен Қ.А. Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде, қасиетті Түркістан төрінде өтіп жатқан бұл чемпионаттың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып жатқан төрешілер мен ұйымдастырушыларға табыс тілеймін. Ұлттық рухымыз асқақтап, дәстүрлі спорт түрлеріміз жасай берсін!», - деді ректор.

Сондай-ақ, Асық ату халықаралық федерациясының вице-президенті Жомарт Сабыржан және Румыниядан келген Асық ату халықаралық федерациясының мүшесі Наим Бельджин де сөз алып, ұлттық ойынымызды дәріптеу жолындағы маңызды жұмыстар мен жобаларды бөлісті.

Чемпионат бағдарламасы бойынша ерлер асық ату, ал әйелдер командалары «Бес асық» спорт түрінен сынға түсуде. Екі күнге созылатын жарыс барысында спортшылар мергендік, ептілік және шеберліктерін көрсетеді.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы кубоктар, медальдар және бағалы сыйлықтар табысталмақ.

Бұл чемпионат ұлттық спорттың халықаралық деңгейде танылуына жол ашып қана қоймай, Азия халықтары арасындағы достық пен мәдени байланысты нығайтатын маңызды алаңға айналып отыр.

Айта кетейік, 2017 жылы қазақтың асық ату өнері ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енді. Бұл — әлем мойындаған мәртебе! 2018 жылы асық ату республика деңгейінде ресми ұлттық спорт мәртебесін алды. 

Ал 2024 жылы – Халықаралық асық ату федерациясы құрылды. Бүгінде 15-тен астам ел осы спортты бірге дамытып келеді.