❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ШЕТЕЛДІК СТУДЕНТТЕРГЕ АРНАЛҒАН ҚҰҚЫҚТЫҚ КЕҢЕС СЕМИНАРЫ ӨТТІ

  • 14.11.2025
  • KZ
  • 90

image

Университетіміздің Дайындық орталығында Халықаралық байланыстар департаментінің ұйымдастыруымен шетелдік студенттерге арналған маңызды құқықтық кеңес семинары өтті. Іс-шараға жергілікті көші-қон қызметі мен құқық қорғау органдарының өкілдері қатысып, студенттерге Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасы, қауіпсіздік талаптары және құқықтық нормалар туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды.

Семинардың негізгі мақсаты – шетелдік студенттердің Қазақстан аумағында заңды түрде тұруы үшін қажетті барлық рәсімдермен таныстыру, олардың құқықтары мен міндеттерін түсіндіру, сонымен қатар алаяқтық пен құқықбұзушылықтан қорғану жолдарын үйрету болды. Студенттер тіркеу тәртібі, визалық режим, уақытша тұруға рұқсат (ВНЖ) алу, миграциялық ережелерді сақтау және заң бұзушылықтың алдын алу тетіктері бойынша тәжірибелік маңызы жоғары мәліметтер алды.

Іс-шара барысында Түркістан облысы Экономикалық тергеулер департаментінің экономикалық тергеулер майоры Жанна Саримсакова студенттерге интернеттік алаяқтықтың кең тараған түрлері, олардың алдын алу жолдары және қауіпсіз онлайн мінез-құлық мәдениеті туралы мазмұнды семинар өткізді.

Сонымен қатар Кентау қаласының құқық қорғау құрылымдары да шараға белсенді қатысып, студенттерге құқықтық тәртіпті сақтау, шетелдіктерге қатысты бақылау талаптары және төтенше жағдай кезінде әрекет ету алгоритмдерін түсіндірді. Семинарға Кентау қаласы Учаскелік полиция инспекторы, полиция майоры Карибаев Руслан және Кентау қаласы Көші-қон бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Миянов Шамиль арнайы келіп, шетелдік студенттермен тікелей пікір алмасып, өзекті мәселелер бойынша нақты кеңестер берді.

Сондай-ақ, семинар барысында келесі тақырыптар да қарастырылды: ҚР аумағында тұру және көші-қон ережелері; Визалық рәсімдер және уақытылы тіркеу талаптары; Уақытша тұруға рұқсат (ВНЖ) түрлері мен рәсімдеу қадамдары; Заңдық кеңестер және студенттердің жеке сұрақтарына жауаптар.

Семинар соңында Дайындық орталығы тыңдаушылары арасында шағын ойындар ұйымдастырылып, белсенділік танытқан студенттерге Халықаралық байланыстар департаменті сыйлықтарын ұсынды.

Бұл шара шетелдік студенттердің құқықтық білімін арттырумен қатар, олардың қауіпсіз білім алуы мен Қазақстандағы бейімделу үдерісін жеңілдетуге бағытталған маңызды алаң ретінде ерекше маңызға ие болды.