УНИВЕРСИТЕТІМІЗДЕ БЕЛГІЛІ ҒАЛЫМ ЖҰМАБАЙ ӘБІЛ АТЫНДАҒЫ ДӘРІСХАНА АШЫЛДЫ
Ардақты ұстаз есімі берілген дәрісхананың лентасын ректор Жанар Темірбекова мен ұстаздың жары Раушан Бексеитова, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Тұрақты қоғамдық даму» орталығының жетекшісі Нұрғали Ораз сынды зиялы қауым өкілдері салтанатты түрде қиды.
Жиында сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Бүгін оқу ордамыз үшін орны бөлек ұстазымыз, Жұмабай ағайдың атындағы аудиторияны аштық. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Түркістанда оқу ордамыздың бой көтеруі көп жасқа, зиялы қауым өкілдеріне үміт сыйлады. Сол үміттің соңынан еріп қаламызға түрлі өңірден мықты мамандар келді. Соның нәтижесінде қазіргі таңда оқу ордамыздың еңсесі биік, керегесі кең. Ұстаздар білім маржандарын шәкірттеріне берді. Соңғы жылдары еңбегі ерен бірнеше ұстазымға құрмет көрсетіп, олардың аты берілген аудиториялар мен конференция залдарын аштық. Ал, бүгінгі тоғызыншы дәрісханамыз Жұмабай Әбілдің атымен аталды. Бұл – Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кезінен келе жатқан асыл дәстүр. Ұстазды сыйлау дәстүрі. Біз ұстазын сыйлаған халықпыз. Сондықтан осы құндылықты сақтап қалуымыз керек»,-деді.
Келесі кезекте, Әлеуметтік-мәдени даму вице-ректоры Еділ Төлегенов дәрісхана жас білімгерлердің басын қосқан, рухани орталыққа айналатынына сенетінін жеткізді.
Шара барысында Жұмабай Әбілдің «Қазақ комедиясының генезисі мен жанрлық негіздері» атты кітабының тұсаукесері өтті. Сонымен қатар, ұстаздың өмір жолы мен ғылыми шығармашылығы туралы «Дарынға тән даналық» кітабы таныстырылды. Аталмыш еңбектің авторы, Жабал Шойынбет өзінің жақын досы Жұмабай ағай туралы естеліктерін айтты.
Жиын соңында Жұмабай Әбілдің достары мен әріптестері, шәкірттері мен отбасы мүшелері дәрісхана ашып, ыстық ықыластарын білдірген оқу орда ұжымына алғыстарын білдірді.