ӨКІЛЕТТІ КЕҢЕС ТӨРАҒАСЫ МҰХИТТИН ШИМШЕК «ҚАЛАМ МЕН ҚАҒАЗДЫҢ МАХАББАТЫ» АТТЫ СЕМИНАР ӨТТІ
Жиынға ректор Жанар Темірбекова мен ректор өкілі м.а Нажи Генч бастаған оқытушы-профессорлар мен студенттер қатысты. Сондай-ақ, Төраға Мұхиттин Шимшектің отбасы мүшелері қонақ болды.
Іс-шараны ашып беру үшін сөз бастаған ректор Жанар Темірбекова: «Қайырлы кеш, құрметті оқытушылар мен сүйікті студенттер, қадірлі қонақтар! Өздеріңіз білетіндей, біз оқу ордамызда білімді де ақылды жандарды жинап, бір-бірін шабыттандырғанын қалаймыз. Бұл жай орта емес, академиялық клуб десек те болады. Міне, осы мақсатта университетімізде түрлі іс-шаралар өтеді. Бүгін осы жерде Өкілетті Кеңес төрағасы, профессор, доктор Мұхиттин Шимшек те ерекше семинар өткізбек»,-деді.
Мұхиттин Шимшек сөз басында: «Бүгін қалам мен қағаз туралы тереңінен сөз қозғаймыз. Жазу неге маңызды? Ал адамға жазу не үшін керек? Негізінде адам «өзін» сағынады. Себебі адамзат жады жаратылған уақытында таза болады. Уақыт өте келе адам жаны сол сәттерді сағынады. Міне, жазу, қалам, қағаз – бізді өзімізге табыстыратын дүниелер. Адам қолына қалам ұстағанда уақыт жай өтеді, асықпайды. Сана мен қол ұшына іліккен қалам арасында ерекше байланыс орнайды»,-деді.
Ол семинар барысында адамның ойын қағаз бетіне түсіретін қаламның рухани маңызын жан-жақты саралап, түсіндірді. Сондай-ақ, балалық шағынан қаламға деген махаббатын, қызықты естеліктерін баяндады. Қаламнан коллекция жинау қызығушылығы қалай пайда болғанын да айтып өтті. Өзі үшін ерекше қаламсаптарының тарихымен бөлісті.
Сонымен қатар, оқу мен білім іздеудің маңызын тілге тиек етті. Жас буынға келешекте қажет болар өмірлік оқиғалар мен кеңестерін бөлісті. Туған жер мен отбасын аялаудың, жақсы қасиеттерді бойға сіңірудің қаншалықты үлкен мәнге ие екенін айтты.
Жиын соңында Өкілетті Кеңес төрағасы студенттерге өзінің қаламынан туған төл туындыларын сыйға тартты.