«ТҰРАҚТЫ ЖАСЫЛ КАМПУС» АЯСЫНДА АҒАШ ЕГУ ШАРАСЫ ӨТТІ
Университетімізде Тұрақты даму ғылыми-зерттеу орталығы мен Экономика және басқару факультетінің ұйымдастыруымен «Тұрақты жасыл кампус» атты экологиялық іс-шара өтті.
Аталған шара Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен бүкіл елімізде өткізіліп жатқан «Таза Қазақстан» атты экологиялық акция аясында ұйымдастырылды.
Басты мақсаты — экологиялық мәдениетті қалыптастыру, табиғатты қорғау жауапкершілігін арттыру.
Іс-шараға Өкілетті кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек, университет ректоры Жанар Темірбекова, ректор өкілі м.а. Нажи Генч, факультет декандары, оқытушылар мен студенттер қатысты. Олар Түлектер аллеясында ағаш көшеттерін егіп, табиғатты аялаудың үлгісін көрсетті.
Жиынның ашылуында алғаш болып сөз алған Өкілетті кеңес төрағасы Мұхиттин Шимшек елімізде жүзеге асып жатқан экологиялық бастамалардың маңызына тоқталды:
«Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен «Таза Қазақстан» ақциясы басталды. Бұл өте маңызды бастама — бүкіл ел көлемінде көгалдандыру, ағаш егу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз де осы игі іске өз үлесімізді қосып, қолдан келгенше еңбек етіп келеміз. Шын мәнінде, осында сіздер еккен әрбір ағаш— сіздердің еңбектеріңіз, сіздердің туындыларыңыз. Бүгін мына жас көшеттеріңіз ертең өздеріңізге сая болатын жасыл желекке айналсын», — деді.
Ал университет ректоры Жанар Темірбекова өз сөзінде «жасыл кампус» ұғымының маңызын атап өтті:
«Бүгін біз маңызды мақсатпен жиналдық. « Тұрақты жасыл кампус» бастамасымен жаңа ағаштар егіп, «Таза Қазақстан» акциясына өз үлесімізді қосудамыз. Бұл бастама елімізде бірнеше жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қолдауымен жүзеге асырылып келеді. Біз де осы игі іске белсенді қатысып жатырмыз», —деді.
Шара барысында университет басшылығы мен студенттерміз бірлесе отырып ағаш көшеттерін екті.
Айта кетейік, университет аумағына егілген бұл жас көшеттер — ботаникалық бағымызда арнайы өсірілген 2–3 жылдық ағаштар. Көшеттердің түрлері Түркістан климатына бейімделген және болашақта кампус аймағын көгалдандыруға елеулі үлес қоспақ.