❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«КОМАНДАДАҒЫ СЕНІМ ЖӘНЕ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ МӘДЕНИЕТІ» АТТЫ ТРЕНИНГ ӨТТІ

  • 18.11.2025
  • KZ
  • 60

image

Университетімізде әр аптаның сейсенбі күні дәстүрлі түрде өтетін «Корпоративтік таңғы ас» бағдарламасы аясында «Командадағы сенім және ынтымақтастық мәдениеті» атты  тренинг өтті. Жиынды Қаржы және халықаралық байланыстар вице-ректоры Мустафа Гиритлиоглу жүргізді.

Айта кетейік, Корпоративтік таңғы ас бағдарламасы – декандар, департамент басшылары, ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, декан орынбасарлары мен кафедра меңгерушілеріне арналған біліктілікті арттыру және команда құру бағытындағы кездесулер. Таңғы ас форматында өтетін басқосуда түрлі тақырыпты қамтитын тренинг-семинарлар ұйымдастырылады.

Ең алдымен, қатысушылар, командадағы сенімді нығайтуды мақсат ететін ойындар ойнады. Әр топ өздерін сипаттайтын үш сөз арқылы сенімнің маңызын саралады. Командалық өзара сенімді нығайтуға бағытталған әрекеттерді ұсынды.

Тренинг барысында Мустафа Гиритлиоглу: «Бүгінгі мақсат – үлкен өзгеріс емес, кішкентай ой тудыру. Сенім бар болса, адамдар ойын ашық айтады. Қателесуден де қорықпайды. Егер сенім болмаса, адамда сырттай тыныштық пен іштей реніш көбейеді. Келісім болғанымен, қабылдау болмайды. Нәтиже болғанымен, шынайы команда болмайды»,- деді.

Сонымен қатар, ұжымдағы сенімнің 4 тірегін таныстырды. Ең бірінші ашық коммуникация – бұл проблеманы жасыру емес, бірге шешу. Екінші тірек – рөлдердің анықтығы. Командадағы түсініксіздік — сенімнің жауы. Үшінші тірек – өзара қолдау Ал ортақ мақсат тірегі – «Менің емес, біздің нәтижеміз» деген түсінік екенін жеткізді. 

Келесі кезекте командалар «Сенім картасын» жасады. Қатысушылар: Сенім қай жерде жақсы? Ол қай жерде әлсіреуі мүмкін? деген сауалдарға жауап берді. Осы арқылы сенімді күшейтетін әрекеттерді анықтады.

Осылайша тренингке қатысушылар сенім мен ынтымақтастықтың байланысын сараптады. Ұжым үшін ең маңызды тақырыптарды қызықты қадамдар арқылы жеткізген спикерге алғыстарын айтты.