team
Қожа Мұхтар Бақадырұлы

Телефон:
+7(705) 222-4428
Электрондық пошта:
mukhtar_kozha@ayu.edu.kz
№:
219

Қожа (Қожаев) Мұхтар Баһадырұлы  5 шілде 1960 ж. Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Рабат ауылында туылған, қазақ, білімі жоғары. 1983 ж. Алматы қаласындағы С.М. Киров (қазіргі Әл-Фараби) атындағы Қазақ Мемлекеттік университетіндегі тарих факультетінің археология және этнография кафедрасын тәмамдаған. Ол проф. У.Х. Шәлекенов, О.Смағұлов, Х.Арғынбаев, Ә.М. Оразбаев, С.М. Ақынжанов, С. Мадуанов, Ә.Төлеубаев, М. Елеуов,  С.Ә. Қасабулатова,  Н.О. Алдабергенов сияқты  Қазақстан мен шетелдерге  танымал мамандардан дәріс алды.   

1983-1988 жж. Шымкент педагогикалық институтының тарих факультетінде Р.Б. Бекназаров, Н.В. Кутнякова, Н.П. Подушкин, К. Садвакасова, А.Н. Подушкин сияқты танымал ғалымдар мен педагогтармен бірге  жұмыс істеді. 

1988 ж. ақпан айында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейіне (Оңтүстік Қазақстан облысы, Қызылқұм ауданы Шәуілдір ауылында) археология бөлімінің меңгерушісі болып қабылданды. 1996 ж. бастап қосымша Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Қазақстан халықтарының тарихы мен этнофилология ғылыми-зерттеу орталығында, кейін Археология ғылыми-зерттеу орталығында қосымша ғылыми қызметкер жұмысын атқарды (0,5 ставка). 1997 ж. ақпан айында Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің директорының ғылым жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. 1997-2004 жж. аралығында археологиялық қорық-музейінің директоры болды. 

2005-2006 жж. ҚР Орталық музейінің (Алматы қ.) археология бөлімінде, 2006 ж. бастап ОҚО Тарихи-мәдени мұраны қорғау, жаңғырту және пайдалану орталығында (Шымкент қ.), Көшпенділердің мәдени мұрасы мәселелері жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институтында (Алматы қ.) ғылыми қызметкер болды. 2006 ж. мамыр айынан бастап Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ-дың Археология ғылыми-зерттеу орталығында ғылыми қызметкер, 2010 ж. қыркүйек айынан бастап тарих-педагогика факультетінде «Археология, этнология және дінтану» кафедрасында, 2011 ж. бастап «Қазақстан тарихы» кафедрасында профессор міндеттерін атқарып келеді.

 1996 ж. сәуір айында т.ғ.д. К.М. Байпақовтың жетекшілігімен «Отырардың кейінгі ортағасырлық керамика өндірісі /ХІІІ – ХҮІІІ ғғ./»  атты тақырыпта тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын алу үшін диссертация (Алматы,  диплом №  0002473), 2009 ж. қазан айының 23 күні ҚР ҰҒА академигі, Болония ғылыми академиясының (Италия) корреспондент мүшесі, т.ғ.д. О.Смағұловтың ғылыми кеңесшілігімен «Ортағасырлық Отырар: тарихи-археологиялық деректер негізінде» атты докторлық диссертация қорғады (диплом № 0001007). 

       Далалық археологиялық экспедицияға оқушы кезінен белгілі ленинградтық археолог Ю.А. Заднепровский басқарған экспедицияның Ферғана жерінде (Ош қаласында, Қырғызстан мен Өзбекстан аймағындағы ескерткіштерде) жүргізілген қазба жұмыстарына қатысты. Кейін де көп жылдар бойы т.ғ.д. Ю.А. Заднепровский жас ізденушіге ұстаздық етті. Студент кезінде Қазақ Мемлекеттік университетінің тарих факультетінің археология және этнография кафедрасының экспедициясы құрамында Жамбыл облысы Шу ауданындағы Ақтөбе қалашығы орнындағы қазбаларға, барлау жұмыстарына /1978-1983 жж./ қатысып тәжірибе жинақтады. 

М.Б. Қожаның зерттеу жұмысының үлкен бөлігі Отырар археологиясы  мен тарихына арналған. 1988 жылдан бастап белгілі археолог К.А. Ақышев, кейін К.М. Байпақов басқарған Оңтүстік Қазақстан кешенді археологиялық экспедициясы (1998 - 2000 жж. Отырар тобының басшысы ретінде), Л.Б. Ерзакович басқарған Жаңақұрылыс экспедициясы құрамында Отырар, Түркістан қалашықтарында қазба жұмыстарына қатысты. Осымен қатар ол Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі экспедициясының 1989, 1990, 1991 және 1995 жж. Мыңшұңқыр ескерткішінде, 1989-1990 жж. Көкмардан мазаратында, 1995 ж. Отырартөбеде жүргізілген қазба жұмыстарын басқарды. Ұлттық эксперт ретінде 2001-2005 жж. «Ежелгі Отырар» атты ЮНЕСКО/Жапон жобасына тартылды. 1988-2005 жж. аралығында Отырар ескерткіштерін нақтылау мен жаңа жәдігерлерді анықтау жұмыстарын жүргізді. Соңғы жылдары мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша Сарайшық пен Отырарда жүргізіліп келе жатқан қазба жұмыстарына қатысып  келеді. 

     М.Б. Қожа ортағасырлық Сарайшық, Түркістан, Тараз, Сығанақ қалаларында қазба жұмыстарын жүргізді, ондағы сәулет өнері ескерткіштерін зерттеу жұмыстарына атсалысты. Атақты антрополог ғалым Оразақ Смағұлов басқарған 1996-1999 жж. Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың мәшһүр ханы Абылайдың бейітін зерттеуге бағытталған тарихи-антропологиялық жұмыстарға қатысты. 2009 ж. Ақтөбе облысы Айтеке би ауданындағы қазақтың атақты ханы Әбілқайыр жерленген Хан моласы мазаратындағы археологиялық қазбаларды басқарды. 

      М.Б. Қожаның далалық археологияда жетістіктерінің ішінде негізгілерін атап өтетін болсақ -  Отырар алқабындағы құмырашылардың Мыңшұңқыр  қонысын, Сарайшықта монша қалдығын  тауып, онда  қазба жүргізгендерін, Қызылқұмда «ұзын» қорғанды б.з.д. Шаншар  қалашығын, Отырардың сыртқы «ұзын» қорған қалдықтарын және Әмір Темір қайтыс болған Бердібек сарайын, шахмат тасын, Түркістандағы Абылай хан моласын тауып зерттегенін атап өтуге болады. 

      М.Б. Қожа  - Қазақстан жастар одағының ғылым мен техника саласындағы сыйлығының иегері (№ 5, 1994 ж.), Қазақстан тәуелсіздігінің 10 жылдығы медалінің иегері (2001 ж.), Мәдениет қайраткері (№ 0248) құрмет белгісімен марапатталған, Қазақстан журналистер одағының мүшесі. 

 

Бізге жазыңыз

Төмендегі пішінді толтыру арқылы бізге хабарлама жібере аласыз.