team
аға оқытушы Магистр , Ильясова Гулнара Темирбековна

Телефон:
Электрондық пошта:
gulnara.ilyassova@ayu.edu.kz
№:
322Б

          Ильясова Гулнара Темирбековна 1988 жылы Шорнақ ауылында М.В.Фрунзе атындағы орта мектепті алтын медальмен бітіріп, Қарағанды Мемлекеттік Медицина институтының Педиатрия факультетіне қабылданды. Аталмыш институтты 1994 жылы ойдағыдай бітіріп, дәрігер-педиатр мамандығын алды. 1994 жылы Қарағанды қаласындағы №2 қалалық балалар ауруханасында Педиатрия мамандығы бойынша Е.И.Ройтманның жетекшілігімен интернатура өткен.

1994 жылдан бастап Қарағанды қаласындағы №2 қалалық балалар ауруханасының пульмонология бөлімшесінде дәрігер-педиатр қызметін атқарған. 

2002-2012 жж. аралығында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті «Жаратылыстану», «Дене шынықтыру және спорт» кафедраларында аға оқытушы қызметін атқарған.  Ол жас маман ретінде оқу-әдістемелік жұмыстарға жауапты болды. Сол жылдары кафедрада берілетін пәндерден (Жас ерекшелік физиологиясы және мектеп гигиенасы, анатомия, спорттық морфология негіздері, спорт физиологиясы, спорт медицинасы, спорт гигиенасы) қазақ тілінде оқу, оқу-әдістемелік құралдар өте аз болатын. Осы мақсатта қазақ тілінде «Медицина ілімінің негіздері»,  «Спорт физиологиясы пәнінен лабораториялық сабақтарға арналған әдістемелік нұсқау», «Спорт түрлерінің физиологиясы», «Адам физиологиясы», «Дене шынықтыру мен спорт гигиенасы мектеп гигиенасы негіздерімен» атты оқу құралдары және «Анатомия және физиология», «Жас ерекшелік физиологиясы» атты электронды оқу құралдары жарық көрді. 2005 жылдан  м.ғ.д., профессор Б.К.Керімбековтың жетекшілігімен 14.00.07-«Гигиена» мамандығы бойынша «Спорт факультеті студенттерінің басқа мамандықтағы студенттермен салыстырғандағы анатомиялық және физиологиялық ерекшеліктері» тақырыбында кандидаттық диссертация жұмысын бастап,  жетекшісінің қайтыс болуына байланысты жұмыс қорғалмады. 

2012 жылдан бастап Медицина факультеті «Акушерлік іс және гинекология», «Педиатрия» кафедраларында оқу ісі жұмыстарына жауапты қызметтерін атқарып келеді. «Балалардың жүрек-қан тамырлар аурулары»,  «Объективті құрылымдық клиникалық емтихан кезінде қолданылатын дағдылардың 4-5 курс студенттеріне арналған  жинағы» атты оқу-әдістемелік құралдары қазақ тілінде жарық көрді.

Университетте жұмыс атқарған жылдары 50-ден астам мақалалары Халықаралық, Республикалық конференцияларда, шетелдік және қазақстандық басылымдарда, 1 мақаласы РИНЦ импакт факторы 0,25-тен жоғары, 2 мақаласы Scopus базасында рецензирленген «International journal of pharmaceutical research», «Cardiovasc Pharmacol» журналдарында жарық көрді. Қазақ тіліндегі 1 оқулық, 3 оқу құралы, 4 оқу-әдістемелік құралы, 2 лекция жинағы республикалық және университет деңгейінде жарық көріп, студенттер игілігі үшін қолданылып жүр. Студенттердің ғылыми-теориялық конференциясында жетекшілік еткен 2 студенті «Ең үздік ғылыми жұмыс» деп танылып, ҚР Білім және Ғылым министрлігінің ІІІ-дәрежелі дипломдарымен, ал ғылыми жетекшісі ретінде университет және министрлік тарапынан марапатталды. Өзіне бекітілген медициналық оқу бөлмесін барлық құрал-жабдықтармен жабдықтады және «Үздік кабинет» деп марапатталды. Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысы бойынша Медицина кластерінде ашылған оқыту және бағалау комитетінің мүшесі болды. Университет тарапынан бірнеше рет «Алғыс хаттармен» марапатталды.

Қазіргі таңда «Педиатрия» кафедрасының аға оқытушысы, жоғары санатты дәрігер-педиатр және оқу ісіне жауапты қызметін атқарып келеді. Медицина факультеті Кеңесінің мүшесі. Түрік тілін В2 деңгейінде меңгерген сертификаты бар. 2017-2018 оқу жылында Академиялық ұтқырлық аясында Қарағанды Мемлекеттік Медицина университетінде және Түркия Республикасы Ескишехир Османгази университетінің Медицина факультетінде 2 апталық дәріс және тәжірибелік сабақтар жүргізіп, тәжірибе алмасып, білімін жетілдіріп келді. 2018 жылы ЮНИСЕФ бағдарламасы аясында Қазақ Медициналық Үздіксіз білім беру университеті ұйымдастырған «Ерте жастағы балаларға патронаждық қызмет көрсетудің әмбебап прогессивті моделі» бойынша бірнеше курстардан өтіп, ҚР деңгейінде дәрігерлер мен мейірбикелерді дайындайтын тренер болып табылады.

Бізге жазыңыз

Төмендегі пішінді толтыру арқылы бізге хабарлама жібере аласыз.