❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕ МЕДИА ЖӘНЕ БЕЙБІТШІЛІК ЖУРНАЛИСТИКАСЫ» АТТЫ ДӨҢГЕЛЕК ҮСТЕЛ БАСТАЛДЫ

  • 28.11.2025
  • KZ
  • 84

image

Университетімізде «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты дөңгелек үстел басталды.

Айтулы іс-шараны Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қуандықұлы Қыдырәлінің бастамасымен, оқу ордамыз бен Мұсылман ақсақалдар кеңесі, Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы бірлесе ұйымдастырды. 

Басты  мақсат – медианың, этиканың және жасанды интеллекттің өзара байланысын бейбітшілік журналистикасы тұрғысынан талқылау, ақпарат кеңістігінде жауапкершілік пен адамгершілік құндылықтарын нығайту жолдарын айқындау.

Дөңгелек үстелдің модераторы – медиа сарапшы, қауымдастырылған профессор, ғалым Молдияр Ергебеков болды.

Жиынды ашып беру үшін сөз тізгінін алған ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Өкілетті Кеңес мүшесі Дархан Қыдырәлі ҚР Парламент Сенатының Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

«Ең алдымен, қонақжайлықпен қарсы алған Түркістан облысының әкімшілігі мен Қожа Ахмет Ясауи университетінің басшылығы мен ұжымына алғыс білдіремін. Бұл оқу орда – түркі әлемі жастарының басын қосқан алғашқы жоғары оқу орны, әрі қаншама журналистерді тәрбиелеп шығарған университет. Бүгінгі жиынға ұйытқы болып, бастаманы қолдап, демеушілік жасаған Мұсылман ақсақалдар кеңесіне де ризашылық білдіреміз. Сонымен қатар, біздің шақыруымызды қабыл алып, арнайы келген қонақтарға алғыс айтамын. Дөңгелек үстелде медиа сарапшылары мен журналистердің баяндамалары мен пайымды пікірлерін тыңдаймыз деп ойлаймын. 

Бұл шара Парламент Сенатының қамқорлығымен өтіп жатыр. Алғашқы іс-шараны Түркістанда бастағанымыздың өзіндік мәні бар. Себебі, ізгілік тілі мен діні – Ясауидің тілі, бейбітшілік пен татулықтың тілі – Түркістаннан бастау алады. Осы тұста, біздің ұсынысты қабыл алған университет басшылығына алғыс білдіреміз! 

Сондай-ақ, іс-шарамыз БҰҰ-ның зорлық-зомбылыққа қарсы онкүндігі аясында өтуде. Өздеріңіз білетіндей, бұл шара елімізде де бастау алды. Жалпы, бейбітшілік  журналистикасы дегеніміз тек қана соғыс журналистикасы емес. Ол – қоғамдағы әлеуметтік мәселеден бастап, отбасындағы зорлық-зомбылық пен қоғамдағы кез келген шиеленіскен жағдайларға бейбіт жолмен, ізгілікке шақыру.

«Жасанды интеллект дәуірі» деп тақырып қойған себебіміз – қазір әлемде адамдардың  жаңалықтарды жасанды интеллект қолдану арқылы қай арнаға бұратынын мамандар да тұспалдай алмай отыр. Агрессия мен эмоцияға, шындыққа жанаспайтын айыптаулар пен ақпараттарға мұқият болуымыз керек. Бұл бейбітшілік журналистикасының міндеттерінің бірі болмақ. Сондықтан, бүгінгі жиынға сәттілік тілеймін. Айтулы бастамамыз Алматы мен Астана қалаларында да жалғасады деп ойлаймын»,-деді Дархан Қыдырәлі.

Түркістан облысы Әкімінің орынбасары Ертай Алтаев: «Қазіргі таңда ақпарат ағыны бұрынғыдан да жылдам өзгеріп, қоғамдағы пікір қалыптастырудың негізгі құралына айналды. Бұл үрдісте жасанды интеллекттің ықпалы күн сайын артып, медианың құрылымы мен жұмыс істеу форматын түбегейлі өзгертіп келеді.

Облысымыздағы іргелі оқу орны Ахмет Ясауи университеті жасанды интеллект саласын дамыту арқылы өңірдегі ғылыми-техникалық прогресс пен жоғары технологиялы мамандар даярлау ісінде маңызды рөл атқарып отыр.  Университет жанындағы журналистика кафедрасы кәсіби мамандар даярлаумен қатар, ақпараттық кеңістіктің сапасын арттыруға бағытталған ғылыми-зерттеу, әдістемелік және тәрбиелік жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді»,-деді.

Ректор Жанар  Темірбекова: «Бүгін университетімізде керемет себеппен басқосып отырмыз. Осыдан біршама уақыт бұрын университетіміздің Өкілетті Кеңес мүшесі Дархан Қуандықұлы бұл іс-шара туралы жоспарын айтқанда қатты қуандық. Себебі, бүгінгі тақырып оқу ордамыздағы 4 факультеттің жұмысын қамтиды. Жасанды интеллект бойынша Инженерия факультеті көптеген маңызды жұмыстар атқаруда. Медиа бойынша Журналистика кафедрасы бар. Бейбітшілік дегенде Ясауи бабамыз еске түседі. Ал Ясауи атындағы университет ретінде бұл іс-шараны өткізу біз үшін де үлкен бақыт! Сондықтан осы бастаманы көтерген ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәліге ерекше алғыс білдіреміз!»,-деді.

Келесі кезекте, ректор өкілі м.а Нажи Генч: «Университетімізде осындай маңызды іс-шара өтіп жатқанына қуаныштымыз.Жасанды интеллект дәуірінде бейбітшілік журналистикасы мен медиа тақырыбы ерекше мәнге ие.

Технологияның негізі болған «Инженерия» отбасының сотқар  баласы сияқты. Оның қашан, қандай іс жасайтынын ешкім білмейді. Инженерия сөзге бағынбай, технологияның дамуы үшін жұмыс істейді. Ал дін, құқық, әлеуметтік алаңдар сотқар бала болған «инженерияның» ата-анасы іспетті. Оны үнемі қадағалап, тәрбиелеуге тырысады. Біз бүгін  технологияның алдына шыға алмайтынымызға көз жеткіздік. Ол тек өркендеу кезеңінде болады. Оны тоқтатуға емес, жасанды интеллектің зиянды тұстарының алдын алуға қоғамды дайындаймыз. Сондықтан, жастар сіздер үшін де бүгінгі шара аса маңызды»,-деді.

Жиын соңында Мұсылман ақсақалдар кеңесі Орталық Азия кеңсесінің басшысы   Абдунаим Сейдмұхаммед те өзінің ыстық ықыласы мен жиынның тақырыптық мәнін саралап, жеткізді.

Дөңгелек үстелдің ашылу рәсімі одан әрі сессиялық отырысқа ұласты. Қатысушылар «Жасанды интеллект дәуіріндегі медианың бейбітшілік миссиясы: жауапкершілік және этика» және  «Қоғамдық қатынастардағы бейбітшілік тілі» тақырыптары аясында ой-пікірін бөліседі.