❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ МЕДИАНЫҢ БЕЙБІТШІЛІК МИССИЯСЫ: СЕССИЯЛЫҚ ОТЫРЫС ӨТТІ

  • 28.11.2025
  • KZ
  • 76

image

Университетімізде өтіп жатқан «Жасанды интеллект дәуірінде медиа және бейбітшілік журналистикасы» атты дөңгелек үстелінің сессиялық отырыстары өтті. Қатысушылар «Жасанды интеллект дәуіріндегі медианың бейбітшілік миссиясы: жауапкершілік және этика» және «Қоғамдық қатынастардағы бейбітшілік тілі» тақырыптары аясында ой-пікірін бөлісті.

Бірінші — «Жасанды интеллект дәуіріндегі медианың бейбітшілік миссиясы: жауапкершілік және этика» сессиясы жұмысын медиа сарапшы, қауымдастырылған профессор, ғалым Молдияр Ергебеков кіріспе сөзімен ашып: «Бейбітшілік журналистикасы алғаш рет 70-жылдары айтыла бастады. Сол кезеңде бұл ұғым көбінесе соғыс журналистикасымен қатар қарастырылатын. Қазіргі таңда бұл түсініктің аясын кеңейту қажеттілігі туындап отыр. Өйткені бейбітшілік журналистикасы тек соғыс мәселелерін ғана емес, қоғамдағы тыныштық пен тұрақтылыққа әсер ететін өзге де факторларды қамтуы тиіс. Өкінішке қарай, қоғам ішінде әлі де шешімін қажет ететін мәселелер бар екенін ұмытпауымыз керек», – деді.

Маңызды іс-шарада Парламент Сенатының депутаты Әлішер Сатвалдиев баяндама оқыды. «Бейбітшілік жолы мен бейбітшілік журналистикасы бүгінге дейін көп талқыға түсті.Бірақ, бүгін, жасанды интеллект дәуіріндегі әлеуметтік желілер қаншалықты өмірімізге сіңгенін, қазіргі шынайылық кезеңін талқылау үшін осы ортада тоғыстық»,- дей келе, дөңгелек үстелдің негізгі мақсаты мен міндетін айқындады.

Келесі кезекте ҚР Оқу-ағарту министрінің кеңесшісі Жайнагүл Төлеміс жасөспірімдердің әлеуметтік желідегі мәселелін сөзге тиек етте отырып, статискаларды ұсынды.

«Статистикаға сәйкес, 5–8 жас аралығындағы әрбір екі баланың бірі алғаш рет интернет кеңістігіне кіреді. Бұл орта бала үшін жаңа мүмкіндіктерге толы болғанымен, оның көзге көрінбейтін қауіптері бар екенін мойындауымыз қажет. Қазіргі таңда кибербуллинг, харассмент секілді мәселелердің күшеюі баланың өзін қауіпсіз сезінуіне, сондай-ақ жеке шекарасын қалыптастыруына кері әсерін тигізуде. Сонымен қатар балаларға қатысты кез келген тақырыпты, олардың фотосы мен видеосын ата-анасының және өз келісімінсіз әлеуметтік желіге жариялау — қылмыстық іс болып табылады»,- деді.

Сонымен қатар сессия барысында бірқатар спикерлер мазмұнды баяндамаларын ұсынды. Атап айтқанда: Өзбекстан әлем тілдері университетінің профессоры, New Media Education Center (NMEC) директоры Беруний Алимов, «Ана тілі» газетінің Бас редакторы Ерлан Жүніс, «Qyzylorda» телеарнасының басшысы Нұрбек Амиша және т.б. 

Екінші сессия «Қоғамдық қатынастардағы бейбітшілік тілі» тақырыбына арналды. Сессия барысында спикерлер өз баяндамаларын ұсынды.

Конфессия-аралық диалог халықаралық орталығының департамент директоры Бірәлі Эльмира өз сөзінде: «Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың жасанды интеллекттің адам өміріне ықпал етіп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысы қазіргі кезеңде жеке өмірдің құпиялығын сақтау, цифрлық кеңістіктің қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жасанды интеллектті әділ әрі жауапкершілікпен қолдану секілді жаңа этикалық мәселелердің туындап отырғанын айтты. Бұл түйткілдер адамзат деңгейінде бірлесіп шешуді талап етеді», – деді ол.

Сондай-ақ, социолог, медиа сарапшы Әлібек Қисыбай, журналист Зарина Ахматова, журналист, медиа-сарапшы Жәнібек Нұрыш және «ПИТ» АКФ Түркістан филиалы директоры Сламбек Алихан сөз сөйлеп, баяндама оқыды. 

Аталған спикерлер сессиялар бойынша өзекті мәселелерді көтеріп, бейбітшілік журналистикасы мен медианың жауапкершілігіне қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.