❝Ілім – жүрекке жарық, ақылға шам.❞
     Ахмет Ясауи
ESC жабу үшін

АХИЛІК СТЕНДТЕРІНІҢ АШЫЛУЫ  ӨТТІ

  • 01.04.2026
  • KZ
  • 784

image

Бүгін «Қожа Ахмет Ясауи ізімен қолөнершілер (ахилік)» атты Халықаралық мәдени және ғылыми симпозиум аясында Ахилік стендтерінің ашылуы өтті.

Көрменің басты мақсаты – түркі әлемінің ортақ құндылықтарын академиялық, мәдени және қоғамдық қырларынан жан-жақты қарастыру, сондай-ақ рухани мұраны жаңғыртып, ұрпақ сабақтастығын нығайту. 

Ашылу барысында 20-ға жуық қолөнерші өз туындыларын ұсынып, арнайы көрме ұйымдастырды. Көрмеде түркі халықтарының бай мәдени мұрасы мен дәстүрлі қолөнерінің сан қырлы үлгілері кеңінен таныстырылды.

Көрменің ашылу лентасын «AK Parti» (Әділет және даму партиясы) төрағасының орынбасары, Түркі мемлекеттерімен байланыс жөніндегі төрағасы, Анкара қаласының депутаты, профессор, доктор  Күршад Зорлу, ҚР Парламенті Сенатының депутаты, университетіміздің Өкілетті кеңесінің мүшесі, профессор, доктор  Дархан Қыдырәлі, «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы  Дәулет Кәрібек, Түркия Республикасы Сауда министрінің орынбасары Махмут Гюржан, Түркияның Астана қаласындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі  Мустафа Капучу, университетімізідің Өкілетті кеңесінің төрағасы Мухиттин Шимшек, ректорымыз Жанар Темірбекова қиды.

Көрмеде шеберлер ағаштан жасалған балалар ойыншықтары, ұлттық нақыштағы киімдер, ер-тұрман бұйымдары, сондай-ақ ағаштан, былғарыдан және басқа да табиғи материалдардан жасалған түрлі бұйымдарды көпшілік назарына ұсынды. Әрбір туындыдан шебердің еңбегі мен ұлттық рух, ата-баба мұрасына деген құрмет айқын сезілді.

«Ахилік» – тек қана қолөнершілер ұйымы емес, сонымен қатар адалдық, адал табыс, қоғамдық ынтымақ, бауырластық және кәсіби әдепке негізделген қуатты өркениеттік модель. 

Бұл көрме тек бұйымдарды таныстыру ғана емес, сонымен қатар түркі елдері арасындағы мәдени байланысты арттырып, дәстүрлі қолөнерді дәріптеуге бағытталған маңызды алаң болды.