ЭКОЛОГИЯЛЫҚ МӘДЕНИЕТ ПЕН ЖАУАПКЕРШІЛІК МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Жаратылыстану ғылымдары факультетінде «Экология» білім беру бағдарламасының студенттері үшін арнайы «Экологиялық мәдениет және жауапкершілік» тақырыбында мазмұнды семинар өтті.
Жиынға экология саласының тәжірибелі мамандары арнайы келіп, өз тәжірибелерін бөлісті. Атап айтқанда, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша экология департаментінің Экологиялық реттеу бөлімінің басшысы Бағила Бейсенбаева, мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімінің бас маманы Ділназ Ташимова және «QAYTA ONDEU» ЖШС директоры Дәулет Бегалиев қатысып, саланың өзекті мәселелері төңірегінде пікір білдірді.
«Экология және химия» кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD Н.Ә. Әбдімүтәліптің айтуынша, шараның негізгі мақсаты – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырып, қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ болашақ мамандарды заманауи экологиялық мәселелерді шешуге бағыттау.
Семинар барысында қоршаған ортаны қорғаудың маңызды бағыттары, экологиялық заңнама талаптарының сақталуы, өңірдегі экологиялық ахуал және табиғи ресурстарды тиімді пайдалану мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар өндірістік және тұрмыстық қалдықтарды басқару, оларды сұрыптау мен қайта өңдеу тетіктері, «жасыл экономика» қағидаттарын енгізу және экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағыттары қамтылды.
Спикерлер экологиялық бақылау мен реттеу жүйесінің ерекшеліктерін нақты мысалдармен түсіндіріп, салада жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Әсіресе, қалдықтарды қайта өңдеу саласындағы инновациялық шешімдер мен кәсіпкерлік бастамалардың маңызын ерекше атап өтті.
Іс-шара интерактивті форматта өтіп, студенттер көкейлеріндегі сұрақтарын қойып, білікті мамандардан нақты жауап алды.
Жиын болашақ эколог мамандардың экологиялық санасын қалыптастыруға, табиғатқа жанашырлық көзқарасын нығайтуға және кәсіби құзыреттілігін дамытуға үлес қосты. Осындай кездесулер студенттердің тек білімін ғана емес, сонымен қатар олардың азаматтық ұстанымын, экологиялық жауапкершілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.